ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛҒАН

37
0

Қазақстанда халықпен тығыз әрі жүйелі байланыс орнату – мемлекеттік және саяси құрылымдардың ортақ міндетіне айналып келеді. Бұл үрдіс әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында нақты сипат алып, жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асуда. Осы бағытта «AMANAT» партиясы мен Шымкент қалалық әкімдігі әлеуметтік мәселелерді шешуде күш біріктіріп, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосып келеді.

Жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында жұмысқа орналасу мен баспанаға қол жеткізу тақырыбы – тұрғындардың басты сұрағына айналды. Партия өкілі әрбір азаматтың өтінішіне мұқият қарап, заң аясында нақты жауаптар мен түсіндірмелер ұсынды. Бұл – билік пен партия арасындағы әріптестіктің нәтижесінде мәселелердің тек тыңдалып қоймай, шешімін табуына жол ашылғанын көрсетеді. Шымкент қаласы тұрғындары үшін 6 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді: оның бірі қалалық, ал қалған бесеуі аудандық деңгейде қызмет көрсетуде. Бұл – әрбір тұрғын үшін өз мәселесін жергілікті жерде, жедел түрде жеткізіп, көмек алуына мүмкіндік беретін тиімді тетік. Сандар сөйлетсек, 6 ай ішінде 4720 өтініш тіркелген. Оның ішінде 81 пайыз мәселе оң шешімін тапқан. 18 пайыз өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 1 пайыз өтініш бақылауға алынған. Сонымен қатар, 202 жеке қабылдау өткізіліп, 1412 азамат тікелей қабылданған. Бұл көрсеткіштер – партия мен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Әсіресе әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, жұмыссыздық, тұрғын үй және құқықтық мәселелер бойынша тұрғындардан келіп түскен шағымдарға жергілікті атқарушы органдар жедел әрекет етуде.

Осы орайда, Ербол Байқонысов «Азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты әрекет ету – партия жұмысының басты бағыттарының бірі. Біз әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, тиісті органдармен бірлесе нақты шешімдер қабылдауға тырысамыз» деп атап өтті. Бұл – партияның рөлі тек бақылаушы немесе делдал ғана емес, шын мәнінде әкімдікпен серіктес бола отырып, нақты нәтиже беретін іргелі институт екенін дәлелдейді. «AMANAT» партиясы мен Шымкент қалалық әкімдігінің бірлесе атқарып отырған бұл жүйелі жұмысы – жауапты мемлекеттік басқару мен әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі. Әрбір тұрғынның өтінішіне бейжай қарамай, оны заң аясында шешуге ұмтылу – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Бүгінде қоғамдық қабылдаулар халықтың билікке деген сенімін арттыратын тиімді құрал болып отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тауып, әкімдік пен партияның бірлесе әрекет ету арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлес қоса беретіні сөзсіз.