ӨҢІР БАСШЫСЫ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

31
0

Түркістан облысында кәсіпкерлік пен өндіріс саласының дамуы айқын байқалып келеді. Бұл үрдістен Сарыағаш ауданы да тыс қалмай, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Аудан кәсіпорындары өз өнімін ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де экспорттап, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров 2025 жылдың 1 тамызы күні Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ауданның даму әлеуетімен танысты.

Сапар барысында облыс басшысы алдымен пластик және профиль өнімдерін шығаратын «Ерғали» жеке кәсіпкерлігіне барды. 2017 жылы жұмысын бастаған өндіріс орны бүгінгі таңда терезе, есік жүйелеріне арналған пластик профильдерді дайындайды. Өнімдері тек отандық нарықты ғана қамтып қоймай, Қырғызстан мен Тәжікстанға да экспортталады. Зауыттың жабдықтары Италия мен Ресейден әкелінген, бұл өз кезегінде өнімнің сапасына оң әсер етуде. Кәсіпорын жетекшісі өндірістік үдерісті таныстырып, алдағы даму жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті кеңейтуге ниет білдірген жағдайда барлық қажетті қолдау көрсетілетінін айтып, өңірлік кәсіпкерлікті одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жұмыс сапарының келесі нысаны — Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Бесқара» ЖШС-нің заманауи мал сою кешені болды. 2025 жылы іске қосылған бұл кешен тәулігіне 128 ірі қара мен 600 бас ұсақ мал соя алады. Бекетте 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ет өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне, сондай-ақ Өзбекстанға экспортталады. Кешенге жеткізілетін мал негізінен Солтүстік және Орталық Қазақстан облыстарынан тасымалданады. Айта кету керек, мұндай кешендер — өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін әртараптандыруға және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Сапар аясында облыс әкімі Сарыағаш ауданының стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық нысаны — «Сарыағаш ТСЖ» су тазалау-дайындау кешеніне де барды. Жалпы аумағы 5,2 гектарды құрайтын бұл кешен 24 548 абонентке немесе 25 елді мекенге таза ауыз су жеткізеді. Мұнда 15 су сорғысы жұмыс істейді, тәуліктік қуаты — 14 500 м³ таза су. Кешен құрамында 2 таза су қоймасы, 16 насос стансасы, 42 су сақтау қоймасы және 14 қысымды су мұнарасы бар. Сонымен қатар, ауыз судың сапасын тексеретін толық жабдықталған химия-бактериологиялық зертхана жұмыс істейді. Бұл — сапалы ауыз сумен қамтуды тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Ауыз су мәселесі — аймақтың өзекті түйткілдерінің бірі. Осыған байланысты Нұралхан Көшеров аталған саладағы жұмыстардың сапалы әрі жүйелі орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті. Маман­дарға нақты тапсырмалар беріліп, аудан бойынша ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу жолдары пысықталды.

Сарыағаш ауданы Түркістан облысындағы маңызды өнеркәсіптік және аграрлық-өндірістік орталықтардың біріне айналып келеді. Облыс әкімінің бұл жолғы сапары кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды, азық-түлік өндірісін дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, экспорт көлемінің артуы, инфрақұрылымдық жобалардың жандана түсуі — Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңа белеске көтеріп отыр. Алдағы уақытта аталған нысандардың толық қуатта іске қосылуы аудан халқының әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, облыстың экономикалық әлеуетін нығайта түспек.