САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

40
0
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында жаңа шағынауданның капсуласын салу рәсімі өтті. Жалпы аумағы 60 гектарға жететін жаңа қалашықта жалпы 2300-ге жуық пәтерлі 47 көпқабатты тұрғын үй салынып, 12 мыңдай ауыл халқы қоныстанады. Құрылыс жоспарымен танысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тарихи сәттің куәгері болған жергілікті тұрғындармен кездесті.
– Бүгін біз Сайрам ауданының дамуы жолындағы аса маңызды бастаманың куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында баспанамен қамту мәселесіне тоқталып өткен болатын. Осы тапсырма аясында облысымызда халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Сайрам ауданында 63 мыңнан астам азамат жер телімі, ал 4 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр. Бүгін Қарасу ауылында 57 гектар жерге жаңа тұрғын ауданның құрылысы басталуда. Бұл – тұрғын үй тапшылығын шешуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жоба. Ауыл тұрғындарының үйлі болуына, аймақтың дамуына мүмкіндік беретін жаңа шағынауданда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтереді. Халықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш – баспана. Мұқтаж жандарды баспанамен қамту, олардың тұрмысын түзету, әлеуметтің әлеуетін арттыруға мұрындық болу – әр әкімнің міндеті. Сондықтан осы жұмыстарға бар күшімізді салуымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа шағынауданда әкімшілік ғимараты, 600 орындық заманауи жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, тәулігіне 250 адам қабылдайтын жаңа емхана және Мәдениет үйі мен жастар сарайы бой көтереді. Сайрам аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 4 206 азамат тіркелген.
Қазақтың құтты мекені саналатын ауылға жасалатын жағдайға қуанған тұрғындар өңір басшылығына алғыс айтты. Облыс әкімі өңірдің дамуына күш салынатынын жеткізіп, азаматтарды тазалықты сақтауға және көгалдандыруға үлес қосуға шақырды. Тазалықты сақтау мекемесінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Айта кетейік, Сайрам ауданында жергілікті бюджет есебінен 455 млн теңге қаржы бөлініп, 20-дан астам арнайы техника сатып алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Облыстық бюджеттен техника жаңартуға 175 млн теңге қаралған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жалғасады.