ҚАЗЫҒҰРТ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТІРЕКТЕРІНІҢ БІРІ

43
0

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуде аудандардың үлесі ерекше. Солардың қатарында табиғи ресурстары мен географиялық орналасуы арқылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы үшін зор мүмкіндікке ие Қазығұрт ауданы ерекше орын алады. 2025 жылдың 1 тамызында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму бағыттары талқыланған кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Мәжілісте сөз алған облыс басшысы ауданның географиялық ерекшеліктерін тілге тиек етіп, сауда, экономика, өндіріс салаларында жүйелі даму болу керектігін баса айтты. Оның айтуынша, Қазығұрттың транзиттік әлеуеті, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші салаға қолайлы табиғи жағдайлары мол инвестиция тартуға мүмкіндік береді. «Қазығұрт ауданының орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Мұнда түрлі салада жаңа жобалар жүзеге асып, тіршілік қайнап жатуы керек. Ауданның әлеуеті жоғары», – деді Нұралхан Көшеров. Облыс әкімі жобалардың тек ұсыныс күйінде қалмай, уақтылы әрі сапалы жүзеге асуын талап етті. Ол үшін жергілікті билік, мәслихат депутаттары мен салалық басқармалар күш біріктіріп, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс екенін ескертті. Жиында аудан әкімі Азизхан Исмаилов алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы есеп берді. Биылғы алты айда ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 54,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады: 2024 жылы нақты көлем индексі 110,2%-ды құраса, 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 119,5%-ға жеткен. Бұл – өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын білдіреді.

Кеңесте инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазығұрт ауданында жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар 2025-2026 жылдар аралығында толық іске қосылып, 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ағымдағы жылы 7,9 млрд теңгені құрайтын 18 жобаны іске асырып, 299 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар. Ал жыл басынан бері 2,9 млрд теңгелік 6 жоба іске қосылып, 70 жаңа жұмыс орны құрылып үлгерді. Аудан аумағында салынып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Тұрбат» агроиндустриалды аймағы. Бұл кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға зор серпін береді деп күтілуде. Мәжілісте Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыс орындарын көбейту және кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар әкім халықпен тығыз байланыс орнатып, тұрғындардың қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беру – жергілікті билік үшін басты міндет екенін еске салды. «Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажет», – деді облыс басшысы.

Қазығұрт ауданы бүгінде Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық картасындағы маңызды нүктеге айналып келеді. Жоғары көрсеткіштер, іске асырылып жатқан жобалар мен әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау – бұл өңірдің алдағы уақытта экономикалық хабқа айналуына жол ашады. Нұралхан Көшеровтің жұмыс сапары аудан басшылығы мен салалық құрылымдарға жаңа серпін беріп, нақты нәтижелерге негізделген стратегиялық қадамдарға бастау болды. Ендігі міндет – берілген тапсырмаларды жүйелі түрде орындап, Қазығұрттың әлеуетін толық пайдалану.