«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым» республикалық акциясы еліміздің әр өңірінде қарқынды түрде жалғасып келеді. Бұл жолы акция аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов бастаған топ Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып, ондағы қызметкерлермен кездесу өткізді.
Жиынға мекеме директорының орынбасары әрі кәсіподақ төрағасы Марат Тулеев, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – қызметкерлердің жұмыс жағдайымен танысу, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдау, еңбек қатынастарына қатысты заңнамалық өзгерістерді түсіндіру болды. Серік Елемесұлы әңгіме барысында еңбек қауіпсіздігі мен техника қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір қызметкердің денсаулығы мен өмірін қорғаудағы басты кепіл екенін атап өтті. Ол жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда кәсіподақтың атқаратын рөліне де тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХХVII-съезінде қабылданған маңызды шешімдер мен «Қызмет» салалық кәсіподағының ХІІ-съезінің қорытындылары таныстырылды. Бұл құжаттардағы басты бағыттардың бірі – 2025-2030 жылдарға арналған кәсіподақ қызметін дамыту бағдарламасы екені айтылды. Бағдарламада еңбек дауларының алдын алу, әлеуметтік әріптестікті нығайту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру мәселелері қамтылған.
Кездесу соңында филиал төрағасы Серік Әуесханов ұжым мүшелерін еліміздің ең басты мерекелерінің бірі – 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен және биыл Конституция қабылданғанына 30 жыл толуымен құттықтады. Ол Ата Заңымыздың ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі екенін айта келе, еңбек адамдарының мемлекет дамуына қосып отырған үлесіне жоғары баға берді. Осыған орай, мекемеде ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан бірқатар белсенді жұмысшыларға кәсіподақ атынан арнайы марапаттар тапсырылды. Нақтырағы, «Еңбек озаты» төсбелгісімен Тулеев Марат Әкімханұлы, Давканова Эльмира Әлімбайқызы және Шуитенов Нұрсұлтан Бақытжанұлы марапатталды. «Құрмет грамоталары» Ақылбай Айдос Төреханұлына, Берікқызы Гүлзираға, Даниярова Мұхаббат Алтынқызына және Ізбасар Қарашаш Жарқынбекқызына табыс етілді. Ал «Алғыс хаттар» Бекенов Күмісбек Қаржаубайұлына, Шитенов Алмас Тұрғанбайұлына, Мырзахметов Нематжан Сатыбалдыұлына және Тұрдыбаев Шафкатбек Эрматұлына берілді. Бұл марапаттар – олардың кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығын ғана емес, сондай-ақ ұжымдық ынтымақтастыққа қосқан үлесін де айғақтайды. Кәсіподақ ұйымының бастамалары осындай кездесулер арқылы еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға септігін тигізіп келеді. Жалпы, «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы кәсіподақ мүшелерінің мәселелерін дер кезінде анықтап, оны шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулер еңбек мәдениетін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің құқықтық сауатын көтеруге, олардың пікірін тыңдауға және еңбек нарығында әділдік орнатуға жол ашады. Шымкенттегі бұл жиын да осы мақсаттарды толықтай жүзеге асыруға бағытталды.