«Өлі» дауыс та бола ма?

291
0

09HPlTYPӨткен ғасырда ғұмыр кешкен күміс көмей, жезтаңдай әншілеріміз Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәди, Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Әсет, Әміре, Иса, Нартайлар асқақтата әуелетіп ән салған кезде, олардың үні алты қырдан асып, жеті қырға жетіп жататын болыпты. Бұған енді қалай ғана таңдай қаға тамсанбассың, қалай ғана тәнті болмассың?! Неткен үн, неткен дауыс еді десеңізші! Нағыз тума дарын екен-ау солар! Осынау дарабоз дүлділдердің өкшесін басқан Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков, ағайынды Мүсілім, Рашид Абдуллиндер, Кәукен Кенжебаев, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Роза Жамановалар да қазақ көгін әнге бөлеген еді. Бүгінгі күні осынау аттары аталған әзіз әншілеріміздің көзіндей болып арамызда жүрген Бибігүл Төлегенова және Ермек Серкебаевтармен қалай мақтансақ та жарасады. Ал, енді бүгінгі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен әншілеріміздің бәрімен бірдей мақтана аламыз ба? Біз «жоқ» деп кесіп-пішіп айтқан болар едік. Өйткені, әншілік өнер шоу-бизнеске айналып, қадір-қасиетін жоғалтып отыр. Қазіргі кезде «Ұялмаған өлеңші болады» деген кертартпа мақал салтанат құрып, дауысы бардың барлығы ән салатын болып та жүр. Жұбаныш Жексенұлы тәп-тәуір-ақ әнші, дауысы да жарамды. Соған қарамастан, оның фонаграммамен сахнаға шыққанын көргенде «кімді алдамақ» болғанына еш түсінбеймін «көптің көзі көреген». Оның әншейін ерін жыбырлатып, секектеп жүргені өзгелер білмейді десе қатты қателеседі. Демек ол, өзгені емес, өзін-өзі алдап жүр және Жұбаныш қана емес, бүгінгі әншілердің тең жарымы осылай. Олардың осылайша «жұлдыз» болуына компьютер  тәрізді нешеалуан заманауи құрал-саймандар да өздерінің септігін тигізіп бағуда. Арғы ғасырда қазақ  даласында болған еуропалықтың: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді!» — деп тамсанғаны бүгінгі шақта елеске айналғандай. Осындай орын алып отырған оспадар одағайлықтың көлеңкесінде қала бермеу үшін шынайы дарын иелері кейінгі кездері табиғи үн — дауыстарымен ән сала бастады. Иә, бұл құптарлық жайт. Күні кешеге дейін фонограмманың жәрдеміне жүгініп келген өнер иелері «ойнасақ та біраз жерге бардық қой» деп Қожекең айтқандайын, осылайша жасандылықтан бас тартуда. Бұл дегеніміз өнердің кие-кепиетінен қорқып, қадір-қасиетін қастерлегендік. Әйткенімен, бір әттегенайы, әншілеріміздің концерттеріне шақырған хабарландыруларға «жанды дауыста ән салады» деп жазылып жүр. Мұндай шалағайлық  радио мен  теледидарымыздан да бой көрсетуде. Дұрысы, «Табиғи үнмен ән шырқайды» болуы керек. Осылай айтылып-жазылғанда ғана тіліміздің әрі ашыла түспек. Дауыстың «өлі»  немесе «тірісі» болуы мүмкін емес. Тек, өлі тіл ғана болады. Осы жайтты есте ұсталық.

Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.