ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2025 жылдың 17 қыркүйегінде Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынға кеңес мүшелері, салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары және басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Кездесу барысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралып, кәсіподақ қозғалысын дамыту мен еңбекшілердің мүддесін қорғауға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.

Кеңестің алғашқы бөлімі Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдық мерейтойына арналған дайындық шараларына арналды. Бұл мәселе бойынша кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев баяндама жасап, алдағы мерекелік іс-шаралардың жоспарын таныстырды. Ол кәсіподақ тарихындағы маңызды кезеңді лайықты деңгейде атап өтудің маңызын атап өтіп, мерейтой аясында өткізілетін іс-шаралар еңбек адамдарының еңбегін ұлықтауға және кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталатынын жеткізді. Баяндамашының айтуынша, жоспарға салтанатты жиындар, ардагер кәсіподақ қызметкерлерін марапаттау, көрмелер мен кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының тарихын дәріптейтін мәдени шаралар енгізілген. Кеңес мүшелері ұсынылған жоспарды егжей-тегжейлі талқылап, оны толық қолдады. Сонымен бірге, Тәжікстанның Ходжент қаласынан келетін кәсіподақ делегациясын қарсы алу және олардың сапарын ұйымдастыру мәселелері де күн тәртібінде ерекше назарда болды. Бұл халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық кәсіподақтар арасындағы өзара тәжірибе алмасуға және достық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында талқыланған келесі маңызды мәселе – кәсіподақ мүшелері арасында өтетін «Болашаққа бірге жүгірейік» атты ынтымақтастық жарысын ұйымдастыру болды. Бұл бастама бойынша баяндама жасаған Е. Қанлыбаев жарыстың негізгі мақсаты ретінде еңбек ұжымдары арасындағы бірлікті арттыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау екенін атап өтті. Ол шараның әлеуметтік және тәрбиелік мәніне тоқталып, мұндай іс-шаралар ұжым мүшелерін біріктіріп, әріптестік рухты күшейтетінін жеткізді. Жиын барысында жарыстың өткізілу мерзімі мен ережелері бекітіліп, ұйымдастыруға жауапты тұлғалар анықталды. Кеңес мүшелері бұл бастаманың қоғамда еңбек мәдениетін нығайтуға және кәсіподақ қозғалысының беделін арттыруға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді. Кеңес қорытындысында Бауыржан Алтеев қатысушылардың барлық сұрақтарына нақты және толық жауап беріп, алдағы кезеңде кәсіподақтар қызметін жетілдіру бағытындағы жоспарлармен бөлісті. Ол кәсіподақ ұйымдарының басты мақсаты – еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, әрбір еңбек адамының мүддесін қорғауға барынша көңіл бөлінетіні айтылды.