ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ЖАҢА АВТОБУСТАР БАҒЫТТАРҒА ШЫҚТЫ

37
0

Шымкент қаласы – еліміздің үшінші мегаполисі әрі халық саны күн санап артып келе жатқан қарқынды дамушы қала. Мұндай жағдайда қала тұрғындарына қолайлы әрі заманауи қоғамдық көлік қызметін ұсыну мәселесі ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылып, көлік құрамын жаңарту, электронды билет жүйесін енгізу және экологиялық тиімді автобустарды пайдалануға беру қолға алынуда.

Биылғы жылдың өзінде қала үшін маңызды бастамалар жүзеге асты. 58 жаңа автобус сатып алынып, тұрғындар игілігіне берілді. Оның 28-і – шалғайдағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарға қатынайтын шағын автобустар болса, 30-ы – жолаушы сыйымдылығы жоғары, заманауи үлгідегі көліктер. Жаңа автобустардың әрқайсысы желдеткіш жүйесімен, бейнебақылаумен, заманауи төлем желісімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлік саласын жаңғырту – басымдық берілген бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге автобустардың тазалығын қамтамасыз етуді, қозғалыс кестесін қатаң сақтауды және ең бастысы – жолаушыларға қауіпсіз, ыңғайлы қызмет көрсетуді тапсырды. Шымкенттің көлік саласындағы басты жаңалықтарының бірі – экологиялық тұрғыдан тиімді газ-метан отынымен жүретін автобустардың кезең-кезеңімен енгізілуі. «Shymkent Bus» ЖШС 179 жаңа автобусты жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама бір жағынан тұрғындарға қолайлы қызмет көрсетсе, екінші жағынан қаладағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Бүгінгі таңда Шымкентте 82 тұрақты бағыт бойынша 984 автобус қатынайды. Оның ішінде 79 бағыт әлеуметтік маңызы бар деп бекітілген. Қаладағы қоғамдық көлік қызметін 11 жеке компания жүзеге асырады. Барлығы 1173 автобус тіркелген болса, олардың 615-і газ-метанмен, 558-і дизель отынымен жұмыс істейді. Қаланың көлік жүйесін басқаруда «Avtobys» электронды жүйесі маңызды рөл атқаруда. Оның көмегімен жолаушылар электронды билет арқылы төлем жасай алады, ал диспетчерлік орталық нақты уақыт режимінде автобустардың қозғалысын бақылап, жолаушылар ағыны туралы мәлімет жинайды. Мұндай цифрлық шешімдер көліктің тиімділігін арттырып, көлеңкелі айналымды азайтуға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айының өзінде Шымкент автобустары 49,8 миллионнан астам жолаушыны тасымалдаған. Қаланың қарқынды дамуы жаңа талаптарды да туындатуда. Жаңа тұрғын үй кешендерінің, өндірістік аймақтардың пайда болуы, жол инфрақұрылымының кеңеюі маршруттық желіні қайта қарауды қажет етеді. Осыған байланысты 2025 жылы жолаушылар көлігін дамытудың жаңа кешенді схемасы әзірленбек. Бұл схема халықтың сұранысына сай тиімді маршруттық желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қоғамдық көлікті жаңғырту тек жаңа автобустар сатып алумен шектелмейді. Бұл – қала инфрақұрылымын дамытуға, экологияны жақсартуға, ең бастысы тұрғындардың сапалы қызмет алуына бағытталған кешенді жұмыс. Заманауи көлік жүйесі – мегаполистің экономикалық дамуының да маңызды құрамдас бөлігі. Шымкентте қолға алынған шаралар алдағы уақытта жолаушылар үшін қолайлы, қауіпсіз, экологиялық таза қоғамдық көлікті қалыптастыруға негіз болады. Бұл қадамдар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, Шымкентті Қазақстандағы заманауи көлік жүйесі бар ірі мегаполистердің қатарына қосуға мүмкіндік береді.