САМАЛ-1 ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ ҚАУІПТІ КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫ ЖАБЫЛДЫ

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері халықтың күнделікті мәселелерін дер кезінде тыңдап, жауапты органдарға жеткізудің тиімді тетігіне айналып отыр. Бұған жуырда орын алған жағдай да айқын дәлел бола алады. Тарқатсақ, Самал-1 шағын ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, өздерінің алаңдаушылығын білдірді. Олардың айтуынша, К.Мейірбеков көшесі бойындағы №747 мекен-жайда орналасқан кәріз құдығы ашық күйінде тұрған. Бұл мәселе ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірді. Әсіресе балалардың ойнап жүріп абайсызда құлап кету қаупі жоғары болғандықтан, жергілікті халық мәселенің тез арада шешілуін талап етті.

Тұрғындар көтерген мәселенің маңыздылығын ескерген Тұран аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы дереу тиісті мекемелерге хабарласатынын жеткізді. Халық пен билік арасындағы көпір рөлін атқарып отырған партия филиалы шағымды назардан тыс қалдырмай, Тұран ауданы әкімдігіне жағдайды мәлімдеді. Осыдан кейін аудан әкімдігінің тапсырмасымен Тұран коммуналдық мекемесінің мамандары көрсетілген мекен-жайға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ашық тұрған кәріз құдығы жабылып, тұрғындар үшін қауіпті жағдайдың алдын алу шаралары жүзеге асырылды. Мамандар тиісті жұмыстарды уақытылы орындап, кемшілікті жойды. Бұл жағдай партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын және тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті. Қарапайым халықтың шағымы билікке жетіп, нақты нәтижеге қол жеткізуі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іс жүзіндегі көрінісі.

Самал-1 шағын ауданы тұрғындары партия филиалы мен жергілікті әкімдікке өз ризашылығын білдіріп, уақытылы атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын айтты. Бұл оқиға қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Егер тұрғындар бейжай қарамай, уақтылы хабарламаған жағдайда, қайғылы жағдайдың орын алуы да ғажап емес еді. «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалы халықпен етене жұмыс істеуді жалғастыра бермек. Алдағы уақытта да тұрғындардың өтініштері мұқият қаралып, шешімін табуына барынша ықпал ету көзделіп отыр.