ИРАН ПЕШІ НЕГЕ ҚАУІПТІ?

101
0

Өткен жылдың тамыз айынан бастап ағымдағы жылдың қыркүйек айлары аралығында арнайы жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде Түркістан қаласы «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 18 жеке тұрғын үйдің жылыту қондырғысы ретінде «иран пешін» қолданып отырғанын анықтаған. Одан келер қауіп көп болғандықтан иран пешін қолданып келген үйлер көгілдір отыннан ажыратылған.

Бұл туралы uakit.kz хабарлайды.

Газ қызметінің мамандары жылыту маусымы кезінде тұрғындардың иран пешін орнатуы белгіленген ережелерге қарсы екенін алға тартады. Және мұны салғырттық немесе өз өмірлеріне қауіп төндіру деп есептейді.  Себебі барлық ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған.  Және де құрылғыны пайдалану жөніндегі нұсқаулық иран тілінде жазылған. Өзге тілде пайдалану жөніндегі нұсқаулық болмағандықтан дұрыс орнатыла бермейді. Бірақ мұндай жылыту жабдығының бір артықшылығы бағасының қолжетімді болуы. Сондықтан тұрғындар артық ақша болмағандықтан иран пешін алады.

Өз кезегінде Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Мейрамхан Базарбек «иран пешін жылыту қондырғысы ретінде пайдаланып отырған үй иелеріне қандай шара көріледі?» деген сұраққа «Біз тұрғындарға мұндай пештердің қауіпті екенін түсіндіріп, ескертумен ғана шектелеміз. Көбіне-көп мұндай пешті қолданушылар дұрыс монтаждалмайды. Немесе орналастыру кезінде қателікке бой алдырады. Мұржасын дұрыс шығармайды. Салдарынан қатты желдің әсерінен пеш өшіп қалады. Сөйтіп улы иіс бөлме ішіне тарайды. Осылайша адам өміріне қауіп төндіреді»,-дейді.

Жалпы тәжірибеде иран пешін пайдаланудың қауіпті екені бірнеше рет дәлелденген. Естеріңізде болса 2021 жылдың ақпан айында Түркістан қаласындағы жеке үйлердің бірінде 40 жастағы әйел мен оның 2004, 2006,2013,2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Қайғылы жағдай орын алған үйде газ жабдығы ретінде «иран пеші» орнатылған.