ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында еңбек адамдарының мүддесін қорғап, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында кәсіподақ ұйымдарының рөлі артып келеді. Соның айқын көрінісі ретінде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған «Қалың қалай, бастауыш ұйым» және «Мектепке жол» акциялары аясындағы кездесу өтті. Бұл жиын Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімдігінің «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кәсіподақ мүшелерімен өткізілді.

Кездесуге кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Әуесханов, Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол, мекеме басшысы Нұрбек Қанаев және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Дариха Раманова қатысып, жұмысшылардың жағдайымен танысты. Жиын барысында еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі, техника қауіпсіздігі мәселелері талқыланып, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – еңбек адамдарының құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлу екені белгілі. Кәсіподақ ұйымы — қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды тетігі. Ол еңбек ұжымдары мен жұмыс берушілер арасындағы көпір қызметін атқарады. Жиын барысында кәсіподақ төрағасы мен аудан әкімінің орынбасары жұмысшыларды Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерекесімен құттықтап, олардың еңбегін ерекше бағалайтындарын жеткізді. Бұл – еңбектің қадірін ұлықтау арқылы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Салтанатты жиында еңбек озаттары арнайы марапаттарға ие болды. «Еңбек озаты» төсбелгісі Кенжебеков Нұрдаулет Махаббатұлы мен Байменов Әуезхан Мұхтарұлына табысталса, «Құрмет грамоталары» Қалыбекова Майра Берікқызына, Бекзатов Жандос Қарабайұлына және Жалғасбаев Нұрсұлтанға берілді. Сонымен қатар, Жүзбаев Нұрбол Байларұлы, Сұлтанбекова Гүлшат Лесбекқызы және Жұманов Мақсат Пәрімбайұлы әкім мен кәсіподақтың «Алғыс хаттарына» ие болды. Бұл марапаттар еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап, жастарға үлгі болары сөзсіз. Айта кету керек, кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында жүзеге асырылған қайырымдылық шарасы болды. Жұмысшылардың мектеп жасындағы 100 баласына оқу құрал-жабдықтары табысталды. Бұл – әлеуметтік қолдаудың айқын көрінісі әрі кәсіподақтың тек еңбек мәселелерімен шектелмей, отбасы құндылықтарына да көңіл бөлетінін көрсетеді. Осындай акциялар ата-аналардың әлеуметтік жүгін жеңілдетіп қана қоймай, балалардың білімге деген ынтасын арттырады.

Жалпы алғанда, мұндай шаралар еңбек ұжымындағы рухани ахуалды жақсартып, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етеді. Еңбек адамына құрмет көрсету, олардың балаларына қолдау білдіру — бұл мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін маңызды қадам. Кәсіподақ ұйымдары осы бағытта белсенділік таныту арқылы әлеуметтік әділдіктің, ынтымақтастықтың, адамға деген құрметтің нақты үлгісін көрсетіп отыр. Шымкент қаласындағы бұл жиын тек марапаттау рәсімі немесе қайырымдылық шарасы ғана емес, жалпы еңбек мәдениетін дәріптеу мен еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыруға арналған маңызды оқиға болды.