КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҮЗДІКТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімінің аппаратына қарасты «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ел тарихындағы маңызды дата – Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай салтанатты кездесу өтті. Іс-шараға мекеме қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері, құқық қорғау органдарының мамандары және кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты.
Мерекелік жиынға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов арнайы келіп, ұжымға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Ата Заңның ел дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызын айта отырып, еңбек адамдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар мекеменің басшысы Алмас Қаюпов та құттықтау сөз сөйлеп, Конституция мерекесінің елді бірлікке, татулық пен ынтымаққа шақыратынын жеткізді. Жиында Қаратау аудандық прокуратурасы мен аудандық полиция басқармасының өкілдері де сөз алып, Конституцияның құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы рөлін кеңінен түсіндірді. Олар еңбек ұжымдарының бірлігі мен заңға құрметпен қарауы елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі екенін айтты. Мерекелік басқосуда жұмысшылардың еңбегі лайықты бағаланып, бірқатар қызметкерлерге марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Қаратау ауданы әкімінің, Абай ауданы әкімі аппаратының, Қаратау аудандық прокуратурасының және Қаратау аудандық полиция басқармасының Алғыс хаттары берілді. Сонымен бірге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы атынан еңбек озаттары төсбелгімен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жалпы саны 130 қызметкерге сыйлық табысталып, олардың қоғамға сіңіріп жүрген еңбегі құрметпен атап өтілді. Бұл шара тек марапаттау рәсімі ғана емес, сонымен қатар еңбек адамының қадірін арттырып, жұмысшылардың ынтасын көтеруге бағытталған игі қадам болды. Осылайша, Қаратау ауданында өткен кездесуде Конституция күні еңбек ұжымдарының мерекесі ретінде аталып өтіп, ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшылардың абыройы асқақтатылды. Мұндай іс-шаралар азаматтарды ынталандырып қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен бірлікті дәріптеуге септігін тигізетіні сөзсіз.