АЛАЯҚҚА АЛДАНҒАНДАР ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕН КӨМЕК СҰРАДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Құқықтық көмек» партиялық жобасы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен әділдікке деген сенімін арттыруға бағытталған тиімді алаңға айналды. Кезекті қабылдау барысында Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков тұрғындармен тікелей жүздесіп, олардың жеке мәселелерін тыңдады.
Қабылдауда көтерілген ең өзекті тақырыптардың бірі алаяқтық деректері болды. Қала тұрғындарының басым бөлігі түрлі формадағы алдау әрекеттерінен зардап шеккендерін айтып, құқықтық көмек сұрады. Бұл жайт қазіргі қоғамда алаяқтық қылмыстарының кең етек жайғанын, ал қарапайым азаматтардың заңдық тұрғыдан әлсіз қорғалғанын көрсетеді. Мәселен, қабылдауға келген М.Парманов есімді азамат өзінің жекеменшік жерін сату кезінде алаяқтардың арбауына түсіп, мүлкінен айырылғанын айтты. Оның айтуынша, жер учаскесі өзге тұлғаның атына заңсыз тіркеліп, кейін үшінші адамға сатылып кеткен. Мұндай жағдайлар елімізде сирек емес, алайда нақты құқықтық шаралар қабылданбай, істің ұзаққа созылуы азаматтардың полиция органдарына деген сенімін әлсіретіп келгені рас. Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков бұл оқиғаға бейжай қарамай, мәселені жеке бақылауына алды. Ол істі қайта қозғау жөнінде нақты тапсырма беріп, тиісті тергеу амалдарының жүргізілетінін мәлімдеді. Мұндай ұстаным құқық қорғау органдарының халық алдындағы жауапкершілігінің күшейгенін және олардың әрбір азаматтың құқығын қорғауға бағытталған жаңа тәсілмен жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Сонымен бірге, қабылдау барысында өзге де тұрғындар алаяқтардың құрбаны болғандарын айтып, тиісті органдардан әділдік сұрады. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заң аясында шешу жолдары түсіндірілді. Кейбір азаматтар полицейлердің жұмысына қатысты сын-ескертпелерін де жеткізді. Бұл пікірлер бойынша Нұрлан Алмасбеков арнайы зерделеу жүргізіп, шағымданушыларды полиция департаментіне шақырып, жеке қабылдау өткізуді тапсырды.
Мұндай қабылдаулардың басты ерекшелігі — диалог пен ашықтық қағидатына негізделуі. Азаматтар өз мәселесін жоғары лауазымды құқық қорғау органдарының өкіліне тікелей жеткізе отырып, нақты шешімнің бар екеніне көз жеткізді. Бұл формат тек шағым қабылдау алаңы емес, сонымен қатар қоғам мен полиция арасындағы сенімді көпірге айналып отыр. «AMANAT» партиясы қолға алған «Құқықтық көмек» жобасы мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, әлеуметтік әділдікті орнатуға бағытталған практикалық қадам ретінде бағалануда. Қоғамдық қабылдау барысында әрбір өтініш арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл — партия жұмысының жүйелі және нақты нәтижеге бағытталғанының көрінісі. Партияның бастамасымен ұйымдастырылған мұндай кездесулердің тағы бір маңызды тұсы — азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрбір қатысушы өз мәселесін заң шеңберінде қалай шешуге болатынын түсініп, өз құқығын қорғаудың тетіктерін үйренеді. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің дамуына, әділдік пен заң үстемдігін орнатуға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.