ЕГІС НАУҚАНЫН ӨТКІЗУ, ДӘНДI ДАҚЫЛДАРДЫ ЖИНАУ ЖӘНЕ АЗЫҚ ДАЙЫНДАУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТIБI

Егіс науқаны басталмас бұрын, оған жұмылдырылған барлық тұлғаларға өртке қарсы нұсқаулықтан өту қажет, ал жинау агрегаттары мен автомобильдерi әрқайсысы 5 литрлік кемінде екі өрт сөндіргішпен, жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады және қуаттау, оталдыру және майлау жүйелерi реттеледi.

Масақты егiн пiсер алдында олардың орман алқаптарына, дала жолағына, автомобиль және темiржолдарға iргелес жерлерiнде енi кемiнде 4 метр жолақ шабылады және жыртылады.

Дәндi дақылдарды жинауды астық алқаптарын алаңы кемінде 50 гектар учаскелерге бөлуден бастау қажет. Учаскелердің арасына ені кемінде 8 метр шалғы жолы жасалады. Шалғы жолынан шабылған астық дереу жиналады. Шалғы жолының ортасында енi кемiнде 4 метр жер жыртылады.

Уақытша қыр орындары астық алқаптары мен қырманға 100 метрден жақын болмауы керек. Қыр орындарының, астық қырмандары алаңшаларының енi кемiнде 4 метр жолақ етіп жыртылады. Көлемi 25 гектардан астам жиналып жатқан астық алқаптарына тікелей жақын жерлерде өрт шыққан жағдайда өртенген аймақты жыртуға арналған соқасы бар трактор дайын тұруы керек.

Шөп шабу алдында ауыл шаруашылығы алқаптары мен периметрі бойынша жайылымдар ені кемінде 4 метр минералданған жолақпен жыртылады.

Адамдардың ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарда шөп шабу жұмыстарын жүргізген кезде, өрт болған жағдайда жану аймағын жыртуға, шөптесін өсімдіктердің өртенуіне жол бермеу үшін соқасы бар трактор пайдалану ұсынылады, өрт сөндіру құралдары — бейімделген бір жабдық немесе кемінде 5 текше метр тіркемелі контейнер, өрт сөндіргіштер, күректер, шатырлақтар.

Автотрактор техникасын құрғақ шөптен, жанғыш қоқыстан тазартылған және ені кемінде 4 метр жолақпен жыртылған арнайы алаңдардан тыс жерде, немесе қырманнан, шөп пен сабаннан, астық алқаптарынан 100 метр қашықтықтағы, ғимараттар мен құрылыстарға 50 метр қашықтықтағы жыртылған жерде сақтауға және мұнай өнімдерін құюға болмайды.

Ауыл шаруашылығы техникасының кабинасы мен шанағында тез жанғыш заттарды сақтауға және тасымалдауға болмайды.

Ауылшаруашылық техникасының мотор бөлігі, бөлшектері мен тораптары таза ұсталады, жанғыш сұйықтықтардың дақтары дереу жойылады.