ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласында азаматтардың әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бұл ретте «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері билік пен халық арасындағы ашық диалог алаңына айналып келеді. Жақында өткен кезекті қабылдауда қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев пен тиісті басқарма басшылары қатысты.
Қабылдауға келген азаматтардың көтерген мәселелері негізінен жер телімдерін рәсімдеу және кәсіпкерлікті дамыту тақырыптарына байланысты болды. Бұл – қала тұрғындары үшін ең өзекті бағыттардың бірі екені даусыз. Мәселен, Ю.Гагарин көшесінің тұрғыны Н.Жұмағали шағын кәсіпкерлікпен айналысу үшін жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуде көмек сұрады. Оның айтуынша, ол Сәуле шағынауданында шағын цех ашқанымен, құжат рәсімдеу барысында қиындықтарға тап болған. Бұл жағдай елдегі кәсіпкерлердің жиі жолығатын мәселесінің бір көрінісі деуге болады. Айдын Кәрімов бұл өтінішке қатысты «Кез келген істі бастамас бұрын ең әуелі құжаттарды заңға сай рәсімдеу керек. Егер заңға қайшы келетін жайт болса, оны шешу мүмкін емес. Дегенмен тиісті басқарманың мамандары зерделеп, заң аясында шешім қабылдайды» деп түсіндірді. Ал басқа бір тұрғын – Б.Ауелханов кондитерлік өнімдер шығару ісін дамытқысы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, өндірісті кеңейту үшін қаржылай қолдау қажет, алайда кепілге қоятын мүлік болмағандықтан несие алу мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Бұл сұраққа жауап берген қала әкімінің бірінші орынбасары кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін атап өтті. «Қазір кепілсіз 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алуға мүмкіндік бар. Қажетті құжаттарды жинап, бағдарламаға қатысуға болады. Сонымен қатар серіктестерді тартып, істі дамытуға да жағдай қарастырылған» деді ол.
Бұл қабылдау барысында көтерілген кейбір мәселелер сол жерде-ақ шешімін тапты. Ал күрделі әрі қосымша зерттеуді қажет ететін түйткілдер хаттамаға енгізіліп, партияның бақылауына алынды. Бұл тәсіл – тұрғындардың өтінішінің жауапсыз қалмайтынын, әрбір мәселенің шешім жолдары қарастырылатынын көрсетеді. Жалпы алғанда, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары қарапайым халықтың өз дауысы естілетінін сезінуге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар тек ағымдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, тұрғындардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыруға, жергілікті билікке деген сенімін күшейтуге ықпал етеді.