КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Д.Қонаев атындағы мектеп ұжымы үшін бұл күн ерекше есте қалды. Оқу ордасына «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев арнайы келіп, ұжымға құрмет көрсетіп, мерейтой иелерін құттықтады.

Кәсіподақ ұйымдары әрқашан еңбек адамдарының әлеуметтік мүддесін қорғаумен қатар, олардың рухани қолдауына да ерекше назар аударады. Бұл жолғы шара соның бір айқын дәлелі болды. Кәсіподақ төрағасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақтолқын Сапарова мен ұзақ жылдар бойы білім беру саласына еңбек сіңірген Алима Режепова 55 жасқа толған мерейтойларымен құттықтады. Бауыржан Алтеев олардың мектеп ұжымындағы еңбегі мен кәсіподақ қозғалысына қосқан үлесін атап өтіп, алғыс білдірді. Оның айтуынша, 55 жас – тәжірибе мен еңбектің толысқан кезеңі, әріптестер үшін өнеге болар шақ. Шара барысында Бауыржан Алтеев кәсіподақ қызметіндегі маңызды бастамаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 27-съезінде қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер жөнінде түсіндірді. Бұл съезд кәсіподақ қозғалысының болашағын айқындайтын стратегиялық маңызы бар жиын болғаны белгілі. Онда еңбек адамдарының құқығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, жұмысшылардың мүддесін қорғаудың жаңа тетіктерін енгізу бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар, жуырда өткен кәсіподақ мүшелерінің «Ынтымақ» жүгірісі туралы да сөз қозғалды. Бұл спорттық шараға 500-ден астам адам қатысып, салалық және жергілікті ұйымдар белсенділік танытқан. Алтеев мұндай бастамалардың ұжымдық ауызбіршілікті арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және кәсіподақ қозғалысының имиджін көтеруге зор ықпал ететінін атап өтті. Кездесуде алдағы уақытта өтетін маңызды мәдени шара жайлы да айтылды. 6 қазан – Кәсіподақтар күніне орай Шымкенттегі «Көрме» орталығында салтанатты жиын ұйымдастырылмақ. Бұл мереке еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегін бағалауға арналған ерекше күн болмақ. Бауыржан Алтеев құттықтау сөзінде Ақтолқын Сапарованың кәсіподақ жұмысын жүйелі ұйымдастырудағы еңбегін ерекше атап өтті. Оның ұжымдағы ауызбіршілікті нығайтуға және мұғалімдер мен қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық мүдделерін қорғаудағы белсенділігі үлкен үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ, Алима Режепованың жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне алғыс білдіріп, оның тәжірибесі жас мұғалімдер үшін бағалы мектеп болатынын айтты.