ТҮРКІСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жан-жақты қаралды. Жиында облыстың қазіргі ахуалы мен болашақтағы даму бағыттары сараланып, нақты жоспарлар мен міндеттер айқындалды. Әлеуметтік-экономикалық серпін мен даму бағдарына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Мәжілісте өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талданды. Әкім орындалған жұмыстардың тиімділігін атап өтіп, әрбір сала басшысының қызметін нақты көрсеткіштер арқылы бағалады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен жоспарлар нақтыланып, өңірдің дамуына серпін беретін бағыттар белгіленді.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өз баяндамасында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы бастамалар туралы есеп берді. Ол қаланың инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және экономикалық әлеуетті күшейту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныстарын ортаға салып, шешімін күткен мәселелерді талқылады. Өңір басшысы 2024-2030 жылдарға арналған экономикалық өсуге бағытталған жол картасындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, қаланың кіріс көздерін ұлғайту, өндірісті дамыту, туризмді өркендету, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында нақты шаралар қабылдануы қажет екендігін айтты. Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның мәртебесіне ерекше тоқталып, оның тек облыс орталығы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін рухани астана екенін атап өтті. «Түркістанды дамыту – барлығымыз үшін ортақ міндет. Қаланың экономикалық әлеуетін толық пайдалану арқылы тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасауымыз керек. Ол үшін барлық мемлекеттік құрылымдар бірлесе жұмыс істеуі қажет», – деді өңір басшысы. Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағдарлама уақытша науқан емес, жыл бойы тұрақты түрде жүзеге асырылуы тиіс. Қоршаған ортаны таза ұстау, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ борышы.

Мәжіліс барысында Түркістан қаласының соңғы жылдардағы қарқынды дамуы да сөз болды. 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша қала халқының саны 241,7 мың адамнан асқан. Жалпы өңірлік өнім көлемі 31,3 пайызға өсіп, 272 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 миллиард теңгеден асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл бастамалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпек. Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы да белсенді жүріп жатыр. Биыл 944 пәтер әлеуметтік баспана ретінде берілмек. Жеті айда 160,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қаладағы кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші де тұрақты түрде өсіп келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 36,5 пайыздан 56,3 пайызға жетеді деп күтілуде, ал 2026 жылға қарай 92 пайызға жетуі жоспарланған. Қаланың экологиялық және көріктендіру бағытында да айтарлықтай істер атқарылуда. Түркістанда бес жаңа саябақтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, 300 мың түп ағаш отырғызу жұмысы қолға алынған. Қаланың тазалығын қамтамасыз етуге 600-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, жыл басынан бері 28 мың тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, 33 көпқабатты үйдің қасбетін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Мәжіліс соңында облыс әкімі Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін ескертті. Барлық жауапты тұлғаларға өз салаларында нақты нәтижелер көрсету тапсырылды. Өңір басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы тиіс екенін атап өтті. Түркістан қаласы бүгінде өңірдің экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналып келеді. Қалада жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар оның жаңа кезеңге көтеріліп, заманауи әрі жайлы қала ретінде қалыптасып келе жатқанын айғақтайды.