ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын үнемдеу мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Соңғы жылдары өңірде су тапшылығын азайту және егістік жерлерді ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның айғағы ретінде Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында параболалық бетон лотоктар шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылды.

Бұл жоба Түркістан облысының ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен жабдықтап, су үнемдеу мәселесін шешуге бағытталған маңызды бастама болып саналады. Параболалық бетон лотоктар суару жүйелеріне арналған заманауи құрылғылар қатарына жатады және олардың басты артықшылығы – судың ысырабын едәуір азайтуында. Сарапшылардың айтуынша, каналдарға орнатылған мұндай лотоктар судың шығынын 40 пайызға дейін төмендетеді. Бұл – еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалануға жасалған нақты әрі стратегиялық маңызы зор қадам. Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс орнын іске қосу – өңір экономикасы үшін үлкен жетістік екенін атап өтті. Облыс басшысы бұл жоба жергілікті халықтың тұрмысын жақсартып, ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Әкімнің айтуынша, «Тұран су» кәсіпорнының жаңа бағыты ауыл шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашады. Жобаның жалпы құны 350 миллион теңгені құрайды. Зауыт тәулігіне 45 дана параболалық бетон лоток жасап шығару мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда кәсіпорында 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған үлес. Өндіріс орындарында шығарылатын лотоктар ЛР6, ЛР8 және ЛР10 маркаларында дайындалады. Алдағы уақытта өнімді тек ішкі нарыққа ғана емес, Еуропа елдері мен Қытайға да экспорттау көзделуде. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.

Жаңа өндіріс алаңы заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Мұнда бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран және арматуралы сетка тоқу жабдықтары орнатылған. Бұл жабдықтар өндіріс процесін автоматтандырып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауыт өнімдерінің нарықтағы бағасы өзге өндірушілерге қарағанда 20-30 пайызға арзан болмақ. Бұл фактор жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы ұйымдары үшін айтарлықтай тиімділік әкеледі. «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2019 жылы құрылған және бүгінде аймақтағы стратегиялық маңызы бар нысандарды басқарып келеді. Кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу жұмыстарын жүргізу. Бүгінгі таңда мекеменің теңгерімінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, 110 канал (жалпы ұзындығы 1 400 шақырым), 3 өндірістік-техникалық база және 81 арнайы техника бар. Кәсіпорын қызметі нәтижесінде жалпы көлемі 108,1 мың гектар егістік алқап ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр. Мұнда 400-ден астам маман тұрақты түрде еңбек етуде. Соңғы жылдары облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Мәселен, 3,6 миллиард теңгеге 60 арнайы техника сатып алынып, олардың 24-і аудан және қала әкімдіктеріне берілді. Осы техникалардың көмегімен 1 200 шақырым каналдар мен қашыртқылар тазаланды. Бұдан бөлек, 650 миллион теңге көлемінде қаржыға «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылып, қазіргі таңда жылына 9 мың гектар егістік алқапқа қызмет көрсетіп отыр.

Іске қосылған параболалық лотоктар шығару өндірісі – осы бағыттағы маңызды жалғасы. Бұл жоба арқылы тек су үнемдеу мәселесі шешіліп қана қоймай, облыстың аграрлық инфрақұрылымы да жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Суару жүйелерінің жаңғыртылуы – өнімділікті арттырудың және ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің басты тетігі. Сонымен қатар Түркістан облысында суармалы жерлерді қалпына келтіру мен жаңа каналдар салу жұмыстары да белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Ислам даму банкі қаржысы есебінен жалпы құны 63,2 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылуда. Аталған жобалар аясында 130 шақырым канал бетонмен қапталып, нәтижесінде 10,1 мың гектар жер ағын сумен қамтылмақ. Ал алдағы жылдары тағы 73,6 миллиард теңгеге 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар 166 шақырым каналдарды жаңғыртуды және 53,3 мың гектар суармалы алқаптың су өткізу қабілетін арттыруды көздейді.