ИНВЕСТОРЛАР ЖЫЛЫЖАЙ МЕН КӨКЕНІС САҚТАУ ҚОЙМАСЫН САЛУДЫ ЖОСПАРЛАУДА

Түркістан облысы бүгінде инвестиция тарту мен жаңа өндіріс көздерін ашу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде белгілеген. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында да қарқынды түрде жүргізілуде.

Жетісай ауданы – аграрлық әлеуеті зор өңірлердің бірі. Мұндағы негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы, әсіресе мақта мен бақша өнімдерін өсіру. Сондықтан ауданға тартылған әрбір инвестиция тек экономикалық өсім әкеліп қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Осы орайда аудан әкімі Серік Мамытов түрік инвесторларымен кездесу өткізіп, ауданда жүзеге асырылуы мүмкін бірқатар перспективалы жобаларды талқылады. Кездесуге Түркияның ірі агроөнеркәсіп компанияларының бірі – «Горкем Тарым» кәсіпорнының басшысы Горкемоглу Факуруллах қатысты. Келіссөз барысында қос тарап жылыжай кешенін салу, көкөніс сақтау қоймасын ашу, сондай-ақ ауданда өсірілетін жеміс-жидектерді шетел нарығына экспорттау мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Түрік инвесторларының бұл бастамасы кездейсоқ емес. Жетісай ауданы табиғи-климаттық жағдайы мен суармалы жер көлемі тұрғысынан еліміздің ең қолайлы аграрлық аймақтарының бірі саналады. Мұнда жыл сайын мыңдаған тонна өнім жиналып, республиканың өзге өңірлерімен қатар көрші елдерге де жеткізіледі. Дегенмен, соңғы жылдары агроөнеркәсіп өнімдерін сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі ерекше өзекті болып отыр. Осы тұрғыда жаңа жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасының салынуы жергілікті шаруалардың табысын еселеп, өнімнің ысырап болуын азайтып, экспорттық әлеуетті арттырмақ.

Кездесу барысында аудан әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің экономикалық тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, Жетісайда шикізат қоры жеткілікті, өйткені ауданның шаруалары мақтамен қатар түрлі бақша және көкөніс дақылдарын да мол көлемде егеді. Сондықтан қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу арқылы өнімнің қосылған құнын арттыруға, өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бар. «Біздің ауданда ауыл шаруашылығы саласы өте қарқынды дамып келеді. Шаруалар жыл сайын мол өнім алады, сондықтан шикізат тапшылығы болмайды. Бізге ендігі мақсат – сол өнімді өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Бұл бағытта кез келген инвесторға заң аясында қолдау көрсетуге және барлық әкімшілік рәсімдердің ашық әрі тиімді жүргізілуіне кепілдік береміз», – деді аудан басшысы. Инвестициялық әріптестік шеңберінде талқыланған жобалар аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де айтарлықтай үлес қосады. Өйткені жаңа жылыжай кешендері мен сақтау қоймаларының құрылысы кезінде және олар іске қосылған соң жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, көлік-логистика және сервистік қызмет көрсету секторы да дами түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Бұл міндетті орындау үшін инвестиция тарту, озық технологияларды енгізу және жергілікті өндірістерді өркендету – басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта Түркістан облысында, соның ішінде Жетісай ауданында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы бес жылда Жетісай ауданына жалпы көлемі 90,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл – ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік сала нысандарын қамтитын ауқымды көрсеткіш. Ал 2030 жылға дейін бұл көлемді 419,6 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда аудан экономикасы жаңа деңгейге көтеріліп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек. Өткен жылдың өзінде ғана ауданда жалпы құны 4,3 миллиард теңгеге тең 8 жоба іске асырылып, нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш ауданның экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды. Әсіресе, ауыл шаруашылығына бағытталған жобалар өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті бюджет кірісін де арттыруға сеп болуда. Жетісай ауданының табиғи артықшылықтары мен еңбекқор халқы бұл өңірді агроөнеркәсіп саласындағы инвестиция үшін ең қолайлы аймақтардың қатарына енгізеді.