ТАБИҒИ ӨНІМДЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚҚА ШЫҒАРЫЛМАҚ

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары өңірдің инвестициялық және өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатылуда. Осы бағыттағы маңызды кездесулердің бірі бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Қытайдың Гуандун провинциясы нарықты реттеу әкімшілігі және Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау орталығының өкілдері арасында өтті.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар Қытайдың Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағында жүзеге асырылып жатқан сертификаттау жобасы таныстырылып, Түркістан облысында арнайы бірлескен платформа құру мен өндірістік кооперацияны дамыту жолдары қарастырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде өңірдің инвестициялық және туристік мүмкіндіктеріне тоқталып, Түркістан облысы халықаралық әріптестікке ашық екенін және Қытай кәсіпкерлерімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. «Түркістан облысында өнеркәсіптің қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда инвесторлар үшін 4 мың гектар аумақты қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. «TURAN» АЭА қатысушыларына бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан «Бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға толық сүйемелдеу көрсетіледі. Біз ірі жобаларға инженерлік инфрақұрылым тарту, жер телімін бөлу және жобаны іске асыру процесін жеделдету бағытында барынша қолдау білдіреміз. Түркістан облысы мен Қытай елінің инвесторлары арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз» деді Зұлпыхар Жолдасов.

Кездесу барысында қытайлық тарап Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау жобасының мәні мен маңызын таныстырды. Бұл жоба Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік нарықты қадағалау басқармасы мен үш аймақтың тиісті мекемелері тарапынан жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – өнім мен қызмет сапасын арттыру, өңірлік нарықтар арасындағы өзара тануды қамтамасыз ету және халықаралық саудада сенімділік деңгейін көтеру. Сертификаттау жобасы ауыл шаруашылығы өнімдері, өнеркәсіптік тұтыну тауарлары, жасыл құрылыс материалдары және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Осы арқылы Түркістан облысында өндірілетін өнімдер Қытайдың кең нарығына шығуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жергілікті брендтердің халықаралық беделін көтеруге ықпал етпек. Қытай тарапы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Қытайлық өкілдер табиғи және экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артқанын атап өтіп, Түркістан өнімдерін Қытай мен көршілес елдердің нарықтарына шығаруға қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар олар өз провинцияларында Түркістан облысының мүмкіндіктерін таныстыратын бизнес форумдар өткізуді және жергілікті кәсіпкерлермен байланыс орнатуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Бұл ынтымақтастық Түркістан облысы үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктердің жолын ашады. Өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында өндірілетін өнімдер сапасын халықаралық деңгейге көтеріп, жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар сертификаттау жүйесін енгізу арқылы өнімнің сапасына деген сенім артып, отандық өндірушілердің экспорттық әлеуеті нығая түспек. Сапар барысында Қытай делегациясы Түркістан облысындағы өндірістік парктер мен кәсіпорындарды аралап, жергілікті өндіріс орындарының жұмыс барысымен танысты. Қонақтар өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларына жоғары баға берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара байланыстарды нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды әзірлеу және Түркістан облысы мен Қытайдың Гуандун провинциясы арасындағы экономикалық әріптестікті тереңдету бағытында нақты келісімдерге келді. Түркістан облысы бүгінде шетелдік инвесторлар үшін ең тартымды аймақтардың біріне айналып отыр. Мұнда құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық парктер жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.