ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Бұл шара ел тәуелсіздігі мен бірлігін ұлықтап, ұлттық рухты асқақтататын ерекше күн ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Мереке аясында еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталып, елдік рух пен отансүйгіштік сезім ерекше көрініс тапты.

Іс-шара барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сахнаға шығып, қала тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттіліктің негізін айқындаған бұл күннің қастерлі екенін атап өтті. Өз сөзінде «Баршаңызды Ұлттық мерекеміз — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мемлекетіміздің іргетасы қаланған, тәуелсіз Қазақстанның болашақ бағыты айқындалған ерекше мереке. Біз бүгін Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын атап өтудеміз. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси және экономикалық жаңару кезеңі жүріп жатыр» деді қала басшысы. Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, соңғы жылдары Шымкент экономикасы тұрақты даму үстінде. Өндіріс, құрылыс және әлеуметтік салаларда нақты нәтижелерге қол жеткізілген. «Шаһарымыз заманауи инфрақұрылымы бар, экономикасы өркендеген, жастарға жол ашқан жасампаз қалаға айналды. Мыңдаған жұмысшы, ұстаз, дәрігер, инженер мен кәсіпкер ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Соңғы үш жылда қалаға 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаланың бюджеті алғаш рет 895 миллиард теңгеге жетті, оның жартысы әлеуметтік салаға бағытталды. Себебі халық атқарылып жатқан істердің нақты нәтижесін көруі тиіс» деді әкім өз сөзінде.

Мерекелік жиында ел игілігіне қызмет етіп жүрген 40-тан астам азамат мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталған тұлғалар бар. Сонымен қатар бірқатар азаматтар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, Президенттің Құрмет грамотасымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Марапат иелерінің бірі — мемлекеттік қызмет саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен ардагер Бұхарбай Парманов. Ол өз сөзінде елге адал қызмет ету — әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. «Қызмет жолымыз елге қызмет етуге арналды. Бүгін сол еңбектің еленіп, «Құрмет» орденімен марапатталу — зор қуаныш. Республика күні — ел тәуелсіздігін нығайтып, бірлік пен берекені дәріптейтін ең қастерлі мереке» деді ардагер. Ал Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжі қызметкері Гүлмира Оспанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол бұл марапатты бүкіл ұжым еңбегінің нәтижесі деп бағалады. «Қазір Шымкент қаласында он қоғамдық бірлестіктің бастамасымен Ардагерлер комиссиясы құрылды. Біз жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл марапат — сол еңбектің мойындалуы» деді ол. Кеш соңында көрермендерге рухты әндер мен патриоттық композициялар ұсынылып, салтанатты іс-шара көтеріңкі көңіл-күймен түйінделді. Республика күні — әр азаматтың жүрегінде елдік пен тәуелсіздікке деген мақтаныш сезімін жаңғыртқан, ұлттық рухты күшейткен маңызды мерекеге айналды.