ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ КӨТЕРІЛДІ

Шымкент қаласында 25 қазан күні Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Бұл тарихи дата еліміздің тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамын айқындайтын маңызды мереке ретінде ерекше мәнге ие. Шымсити шағын ауданындағы Ту тұғыры алаңында өткен Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ел бірлігі мен рухын айшықтап, шымкенттіктерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты іс-шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Әнұран әуенімен қатар биік тұғырда желбіреген көк байрақ ел тәуелсіздігінің айғағы ретінде ерекше әсер қалдырды. Көк тудың желбіреген сәті – қазақстандықтардың жүрегіндегі мақтаныш сезімін күшейтіп, егемендік рухын жаңғыртты. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер және қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ жастар мен еріктілердің белсенділігі айрықша байқалды. Барлығы бір мақсатпен – ел рәміздерін ұлықтап, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіну үшін жиналды. Мерекелік жиында шымкенттік өнерпаздар отансүйгіштік рухтағы әндер шырқап, мемлекеттік рәміздер мен егемендіктің маңыздылығын жырлады. Ән мен күйге толы бұл сәт көрермендердің бойына ерекше қуат сыйлап, елдік рухты асқақтатты. Қатысушылардың жүзінен мақтаныш пен шаттық байқалып, бұл күннің ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз болды. Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен кейін 300-ден астам белсенді жас қатысқан патриоттық шеру өтті. Олар қолдарына көк байрақ ұстап, Бәйдібек би ескерткішінен бастап Алатау батыр көшесіне дейін жүріп өтті. Шеру Ту тұғыры алаңында аяқталып, елдік рух пен бірліктің айқын көрінісіне айналды. Республика күні – халқымыздың азаттық пен тәуелсіздікке деген мәңгілік ұмтылысының символы. 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы Декларация тәуелсіз мемлекеттіліктің бастау нүктесі болып, ел дамуының жаңа кезеңін ашты. Сол тарихи құжаттың маңызын бүгінгі ұрпақ ерекше құрметпен еске алады.

Мерекелік шараның әр сәтінде елдің бірлігі мен рухы сезілді. Мемлекеттік Тудың биікке көтерілуі – тәуелсіздік рухының мәңгілік екенінің дәлелі іспеттес болды. Көк байрақ астында біріккен шымкенттіктер елге деген сүйіспеншілігін, тәуелсіздікке деген адалдығын паш етті. Айта кетерлігі, Республика күніне орай бұған дейін Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты жиын өткен болатын. Бұл іс-шара Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығына арналды. Жиын барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барша шымкенттіктерді Ұлттық мерекемен құттықтап, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және салалық наградалар табыс етті. Өз сөзінде ол Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, елдің саяси және экономикалық жаңғыру жолында зор жетістіктерге жетіп келе жатқанын атап өтті «Бұл – мемлекетіміздің іргетасы қаланған, тәуелсіз Қазақстанның болашақ бағыты айқындалған ерекше мереке. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жаңару мен жаңғыру кезеңі жүріп жатыр. Әрбір қазақстандық осы жолда өз үлесін қосуы тиіс», – деді қала басшысы өз құттықтауында. Салтанатты жиын барысында ел дамуына сүбелі үлес қосқан 40-тан астам азаматтың еңбегі еленді. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері бар. Оларға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табыс етілді. Бұл марапаттар еңбек пен елге деген адалдықтың, азаматтық жауапкершіліктің белгісі ретінде қабылданды. Осылайша, Шымкент қаласында өткен Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі мен мерекелік жиындар Республика күнінің тарихи мәнін айқындап, елдік рухты жаңа биікке көтерді. Көк байрақтың биікте желбіреуі – Тәуелсіз Қазақстанның нық қадамы мен мәңгілік бірлігінің айғағы болды.