ҚАЛА ӘКІМІ АППАРАТЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ

Шымкент қаласында «Қызмет» салалық кәсіподағының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында маңызды кездесу өтті. Бұл жолы кәсіподақтың Шымкент қалалық филиалы «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен жүздесіп, олардың жұмыс жағдайы мен әлеуметтік әл-ауқатына назар аударды.
Кездесуді филиал төрағасы Серік Әуесханов жүргізіп, жиын барысында ұжым мүшелерін кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен және еліміздің басты мерекелерінің бірі – 25 қазан, Республика күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Кәсіподақ – тек еңбек құқықтарын қорғаушы ғана емес, сонымен қатар адамдардың бірлігі мен ынтымағының символы. Әрбір кәсіподақ мүшесі қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді», – деді. Жиында кәсіподақтың белсенді мүшелері мен өз міндетіне адал қызметкерлерге арнайы марапаттар табысталды. «Еңбек озаты» төсбелгісі кәсіпқойлық пен табандылықтың, алғыс пен құрметтің жоғары белгісі ретінде берілді. Бұл мәртебелі марапатқа бөлім басшысы Нұрмаханов Айбек Жақыпұлы, бас маман Игембаева Құралай Құралбекқызы, бас инспектор Садықбек Берік Есенбайұлы және бас инспектор Беркінбай Мақсат Маратұлы ие болды. Сонымен қатар, «Құрмет грамоталары» еңбекте үздік нәтиже көрсетіп, ұжым ішінде өз кәсібилігімен ерекшеленген қызметкерлерге табыс етілді. Олардың қатарында бөлім басшысы Келимбетов Асылан Жұмабайұлы, бас инспектор Жақаев Естай Абдірасілұлы, бас маман Мұхтар Есен Мақсұтұлы және әдіскер Забирова Ақмарал Ергешқызы бар. Еңбектегі үлгілі тәртібі мен кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысқаны үшін «Алғыс хаттар» бөлім басшысы Жұматаева Гүлбахыт Қанатқызына, бас мамандар Бухарбаева Завра Уразхонқызы мен Сейтаева Рабиға Жорақызына, сондай-ақ мұрағатшы Момынбекқызы Арайлымға табысталды.
Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті. Қатысушылар өзара пікір алмасып, кәсіподақтың алдағы жоспарлары мен жаңа бастамалары жайында ой бөлісті. Серік Әуесханов кәсіподақтың басты мақсаты – қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмысты күшейту екенін атап өтті. Ол сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы рөлін жоғары бағалап, олардың еңбегі мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізін құрайтынын жеткізді. Бүгінгі марапат тек еңбектің нәтижесін мойындау ғана емес, кәсіподақ ұйымының ұжым мүшелерін ынталандыру, кәсіби және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу жолындағы айқын қадамы болды. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының басты мақсаты да – еңбек ұжымдарының ішкі бірлігін нығайтып, олардың мәселелерін тыңдап, шешуге атсалысу. Кәсіподақтар қоғамдағы әлеуметтік әділдік пен теңдіктің тірегі болып қала береді. Осындай кездесулер еңбек адамының мәртебесін арттырып, ұйым мүшелерінің ынтымағын күшейтеді. Ал марапатталған қызметкерлер өз кезегінде бұл сенімге лайық болу үшін бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылатынын жеткізді. Бұл іс-шара еңбек адамын бағалаудың, әрбір кәсіподақ мүшесінің қоғамдағы орнын танудың нақты көрінісі болды. Шымкент қалалық филиалының бастамасы әлеуметтік серіктестік пен кәсіби ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.



