СТУДЕНТТЕР МЕН ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

44
0

Шымкент қаласында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бастама – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Өйткені мұндай кездесулер халықтың өзекті сұрақтарына ашық жауап беруге, азаматтардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Кезекті ақпараттық кездесу Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтті. Онда қор мамандары студенттер мен ұстаздарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігі мен артықшылықтарын түсіндіріп, денсаулық сақтау саласында мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалардың мәнін ашып берді. Мамандар атап өткендей, күндізгі бөлімде оқитын студенттер мемлекет қамқорлығындағы жеңілдетілген санатқа кіреді. Яғни, олардың сақтандыру жарналары Үкімет есебінен төленеді және олар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Бұл – жастардың медициналық қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жеңілдік. Ал шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер үшін де арнайы тетік қарастырылған. Олар электронды үкімет порталы арқылы «Шетелде оқитын студенттер» санатында тіркеліп, өз мәртебесін растай алады. Бұл – цифрлық үкімет жүйесі арқылы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді мысалы. Кездесуде ұстаздар қауымын толғандырған сұрақтардың бірі – ұзақ мерзімді демалыс кезінде сақтандыру мәртебесін жоғалтпау мәселесі болды. Қор өкілдері бұл тұрғыда жұмыс берушілердің жауапкершілігіне тоқталып, егер демалыс бір айдан артық болса, МӘМС жарналары уақтылы және кезең-кезеңімен төленуі тиіс екенін ескертті. Бұл қызметкерлердің үздіксіз медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың қалыптасуы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес, әрбір азамат өз мәселесін тікелей жауапты органдар өкілдеріне жеткізіп, нақты шешімін табуға мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары студенттер мен оқытушылардың сауалдарына егжей-тегжейлі жауап беріп, жүйенің жұмыс істеу тетіктерін түсіндірді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 82 пайыздан астамы, яғни 1 миллион 234 мыңнан аса адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 700 мыңнан астам тұрғын жеңілдік санатына жатады, бұл санаттағы азаматтар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ал 231 мыңнан астам шымкенттік әлі де сақтандырылмағандар қатарында. Бұл көрсеткіш халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі күшейтуді қажет етеді. МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері елдегі медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артты. Азаматтар енді емхананы өз таңдауы бойынша бекітіп, жоспарлы ем алу, қымбат диагностикалық тексерулер мен күрделі оталарды тегін өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік келісімнің жаңа үлгісі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша әрбір мемлекеттік құрылым өз қызметін халықтың нақты қажеттілігіне бейімдеуі тиіс. Осы орайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалы тұрғындардың сенімін арттыру мен кері байланысты нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қор мамандары тұрақты түрде оқу орындарында, кәсіпорындарда және тұрғын аудандарда кездесулер өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдайды, ұсыныстарды жүйелі түрде қарастырады. Осындай ашық диалог алаңдары қоғамда әлеуметтік әділдік қағидатын нығайтып, мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімді күшейтеді. Медициналық сақтандыру жүйесі тек денсаулық сақтау саласының дамуына ғана емес, халықтың әлеуметтік тұрақтылығына да ықпал ететін маңызды тетікке айналып отыр.