Кутузов – Орыс тарихының ойдан құрастырған қолбасшысы

371
2

kut1Орыс тарихының өн бойындағы қолбасшылардың ішінде Михаил Кутузовтың есімі ерекше аталады. Тұлғалық қасиетіне тоқталғанда онымен Жуковты ғана салыстыруға болатын сияқты. Бірақ орыс шежіресіндегі осы бір атышулы қолбасшының өмірбаянында біз білмейтін құпия-сырлар өте көп. Кутузовтың ғұмырнамасының таса тұстарын тексергенде оның даңқынан гөрі дақпырты көп екеніне көзіміз жетті. Енді осы сөзімізді дәлелдеп көрелік…

Кутузовтың даңқы орыстың Отан соғысында шықты. Ол кезде қолбасшы 67 жаста болатын. Ресей мен Кеңес одағының тарихы Кутузовтың осы тұста ерлігін тамсанып тұрып жазған. Тіпті оны Суворовтың ең дарынды шәкірті етіп суреттейді. Қысқа қайырғанда, жақсылап тұрып дәріптеген. Бірақ өмірбаянының қалтарыс тұстарына үңілгенде Кутузовтың даңқы қолдан жасалғанына көзіміз жетті.Өйткені қолбасшы шайқастарының көбінде жеңіліп қалып отырған. Орыс шежіресінде осыған байланысты солдаттардың арасында кең тарап кеткен мынандай мысал бар. Бірде Суворов пен Кутозов тамақтанып отырады. Ұстазының алдын орап кеткісі келген Кутузов  асты қазаннан түсірмей жатып ыстықтай қарпи бастапты. Ал асықпай ішкен Суворов болса тамақты Кутузовтан бәрібір бұрын тауысқан. Ойдан шығарылса да осы аңыз қос қолбасшынының қабілет-қарымы мен мінез-құлқы қандай болғанынан хабар береді. Суворов шәкіртінің бұл мінезін беске білген сияқты. Өйткені оны үстірт шешім шығаратын тағатсыз адам деп таныған баяндайтын деректер бар. Кутузовты қорқақ дегіміз келіп отырған жоқ. Бірақ оның дарынды қолбасшы болғанына орыстардың өзі қазір күмәнмен қарай бастады. Мәселен, Алуштаның түбіндегі шайқаста орға бекініп, түріктердің шабуылын тойтарудың орнына төзімі таусылған Кутузов солдаттарды қарсы шабуылға көтеріп жіберген. Ал түріктер қоян-қолтық ұрыста ешқашан ешкімге есе жіберген емес. Олардың янычарларымен (жаңа жасақ) бетпе-бет келуге Еуропаның сол кездегі мықты деген сарбаздарының өзі тайсалатын. Бақытына  қарай екі жақ аяусыз кескілескен осы шайқаста түріктерді кері ысырып тастаудың сәті түспеді. Бұл соғыста көп адам қырғынға ұшырайды. Қолына ту ұстап жүгірген Кутузовтың өзі басынан жараланып, оң жақ көзі көрмей қалады. Очаков камалындағы шайқаста тағы да кәлласына қылыштың жүзі тиеді. Сол соғысты бастан-аяқ шолып шықсаң Кутузовтың өзінде, солдаттарды да аямағанына көзің жетеді. 1805 жылы Кутузов  Наполеонның армиясымен бетпе-бет келеді. Кеңес тарихшылары оның осы кезде әскерді асқан шеберлікпен шегіндіріп әкетіп, аман сақтап қалғанын тамсана жазған. Бірақ неге екені белгісіз «мықты» деген осы қолбасшылары үнемі шегінуден көз ашпайды. Аустерлицтің түбінде де көп әскерден  айырылып, басын әзер аман алып қалды. Осы ұрыста орыстардың 15 мың адамы өліп, 30 мыңдай солдаты тұтқынға түскен. Тарихшылар Аустерлицтің түбіндегі жеңіліске одақтастары Австриялықтардың соғыс тактикасын білмегені себеп болды деп өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысқан. Бұл Кутузовқа шаң жуытпаудың амалы. Ал Наполеон  қорғанса да, шабуылдаса да аз шығынмен жеңіске жетіп отырды. Бородино мен Смоленскінің түбінде де дәл осылай болды. Орыстар бұл шайқастарда есепсіз көп адамынан айрылды. Орыс тарихшылары қай кезде болмасын, өздірін жеңімпаз етіп көрсету мақсатында адам шығынының нақты санын жасырып қалып отырды. Әйтеуір тарих доңғалағын өздерінің пайдасына қарай бұрып әкететін. Осы тұста орыстардың арасында «француз келсе, айыр да қару» деген әйгілі мақал тарады. Бірақ француз армиясы осал болған жоқ. Бетпе-бет шайқаста ол кез-келген жасаққа бет қаратпайтын. Әскербасылары да соғыста әбден ысылған өте тәжірибиелі адамдар болды. Орыс әскерінің бас қолбасшысы Барклай Де Толии мұны жақсы білді. Сондықтан ол 1807 жылы «Скиф жоспары» деп аталатын арнайы соғыс бағдарын жасайды. Бұл жоспар бойынша орыстар француздармен ашық беттеспей, тиіп-қашып соғысуы тиіс болатын. Бұл партизандық әдіс. Тегі Шотландиядан тамыр тартатын Барклай соғыс дәл осылай өрбісе ғана француз әскерін жеңуге болатынын түсінді. Бірақ ойға алған жоспары жүзеге аспай қалады. Орта жолдан Кутузов килігіп кетеді. Ол патшаға орыс армиясының бас қолбасшысы етіп Шотландиялық Барклай Де Толлиді емес, өзін бекітуді ұсынады. Сосын көп ұзамай француздарға тіке соққы беруге қамдана бастады. Барклай мұндай иі қанбаған шешімге бірден қарсы шығады. Бородино түбінде француздарға тұрыстық беруге орыс әскері шыдамайтынын, бұл үстірт қабылданған шешім екенін айтады. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Кутузов «Мәскеуден айрылсақ, біз соғыста жеңілеміз» деп патшаға жедеғабыл хат жазып жіберіп, өзі француздармен ашық майданда беттескенше тағат таппайды. Бірақ Бородиноның түбінде Кутузов тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл шайқаста 44 мың адамынан айырылып, 15 мың солдаты тұтқынға түседі. Нәтижесінде Мәскеуді артқа тастап, қалған әскерімен кері шегінуіне тура келді. Сосын патшаға қайтара хат жолдайды. «Әскерді сақтау керек. Наполеон  Мәскеуде көп тұрақтамайды» деп жазады бұл жолы. Хатқа көз жүгіртсеңіз, қолбасының тағы да асығыс шешім шығарып, қырып алғанын аңғарасыз. Басында  Мәскеуді жауға бермейміз деген Кутузов Бородино да маңдайы тасқа тиген соң бұл ойынан тез айнып қалады. Үшінші мәрте Березинаның түбіндегі әйгілі ұрыста тағы да жолы болмады. Бұл жолы француздар шыныменде ұрыс сала шегініп бара жатқан. Кутузов әскербасыларына «француздарға өзеннен өтуге мүмкіндік бермеңдар!» деген бұйрық береді. Бірақ француздар орыстардың шабуылын тойтарып, солдаттарын арғы бетке аман-есен өтізіп алады. Сосын императордың гвардиясын батысқа қарай алып кетеді. Осылайша Березинада кері қашқан француздардың да, орыстардың да жолы болмады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1805 жыл мен 1812 жылдың аралығында Кутузов бірде-бір соғыста жеңіп көрмеген екен. Бірақ орыстың тарихшылары Барклай Де Толли сияқты дарынды қолбасыларды естен шығарып, Кутузовты әлі дәріптеумен келеді. Мүмкін бұл орыстың кеудемсоқтығы шығар? Айтпақшы, Барклай Де Толли Бородино шайқасы басталар шақта қолбасылықты Кутузовқа өткізіп береді. Сосын өзі қан майданда жаудың шебін неше мәрте бұзып өтіп, ерен ерліктер жасапты. Жаудың көздеп атқан оғының бірде-біреуі ержүрек шотландыққа дарымаған деседі.

Жолымбет МӘКІШЕВ,
Алматы қаласы.