Өз елінде жүріп, өзге тілге тәуелді біз ғанамыз

372
2

Shkola_1024_v_NovokosinoКейде намысым келеді. Жігерімді жанып-жанып, айтатын жерінде айтып-ақ  тастағым келсе де, өзіміздің намыссыздығымыз бен ездігімізді ойлап, ернімді тістеуге мәжбүрмін. Дүние де дәл біздей сорлы халық жоқ шығар. Халыққа да кінә артқым келмейді, бәленің бәрі билік басындағы көлеңкесінен қорқатын бейшараларда болып тұр емес пе? Ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық құндылықтан жұрдай сондайлардың кесірінен тілімізге тұсау түсіп, дініміз дімкәстікке шалдығып, ой-өрісіміз тарылды. Баяғы: «Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін…», — деп кеудені ұратын кез келмеске кеткендей. Сол қазақты бүгінде әркімге мазақ боп, өз елінде жүріп, өзгеге жалтақтап, өзге тілде оқып, өзге ұлттың тілінде сөйлейтіндей мүсәпір халге жетеді деп кім ойлаған.

Сайрам-киелі де, шежірелі өлке. «Сайрамда бар сансыз бап…» деген сөз де тегін айтылмаған. Аудан аумағында кезінде үш жүздің игі жақсылары мен жайсаңдары бас қосып, келелі кеңес өткізген Мәртөбедей мақтаныштары тағы бар. Мамыр өте Мәртөбеге жиналатын, қазақ халқының ұлт болып ұйысуын, елдің бірлігі мен ынтымағын ойлаған билеріміз бен шешендеріміздің табандары тиген өлкеде дәл қазіргі ұрпақтары өз елінде, онда да тәуелсіз мемлекет атанған Қазақстанда отырып, қазақ тілінде емес, өзбек, орыс тілдерінде оқып жатқандығы бар. Онсыз да бір ауданда 60-қа жуық таза өзбек, бірнеше орыс тілінде білім беретін мектептер аздай, аралас мектептердің  барын қалай түсінеміз? Аудан орталығындағы Горький, М.Мақатаев, №97 орыс мектептерін барып көрсеңіз, әр мектепте 10-15 орыс балаларынан бөлек, білім алып жатқандардың басым бөлігі қазақтың қаракөздері. Бұл мектептердің жағдайлары қазақ мектептеріне қарағанда анағұрлым жоғары. Бір ғана мысал айтайық, №93 Абылай хан атындағы мектеп  ғимараты бір кездердегі балабақша.Мектепте  1000 үстінде оқушы бар. Қысылып, қымтырылып жүргендері. Осы мектептің жанынан 3 қабатты, аумағы атшаптырым, зәулім де, еңселі мектеп ғимараты салынып бітуге таяу. Биыл пайдалануға берілмек. Бірақ қазақша емес, орысынан қазағы көп М.Мақатаев атындағы орыс мектебі үшін берілмек. Бұл аймақтың 99 пайызы қазақ болса да. Қарасу ауылында  М.Сапарбаев атындағы орыс мектебі бар. Бар болса 1-2 орыстың баласы бар болар, қалғандары қазақ, түрік, әзірбайжан, т.б. ұлт өкілдерінен құралған.
Манкент, Қарабұлақ ауылдарында өзбек ұлтының өкілдері тығыз қоныстанған. Қазақ отбасылары да жоқ емес. Бірақ олардың  балалары үшін қазақ  мектебі түгілі, арнайы ашылған сынып та жоқ. Өзбекше оқиды. Оның себебін білім бөлімін басқарып отырғандар «ата-аналарының қалауынша» деп түсіндіреді. Оларды солай айтуға үгіттеп отырған басшылардың өздерінде ұлттық намыс болмаған соң, амалың қанша? Кезінде бір ауданда 3 Хамза атындағы мектеп барын, барлық өзбек мектебінің директоры өзбек  ұлтынан екенін, сондықтан да атаулары да Қазақстанның емес, Өзбекстанның ғұламалары атында екенін, кез-келген ұлт өкілдері өздері тұрып жатқан қазақ елін, жергілікті халықтың ұлттық ерекшеліктерін құрметтеулері тиіс екендіктерін қанша жерден шырылдап айтып та, жазып  та көргенімізбен, селт еткен біреуін көрмедік. Мұның себебін ауданды осы уақытқа дейін жергілікті ұлт өкілінің кадры басқармағандығынан іздедік. Сайрам ауданын басқарған Р.Халмұрадов, В.Ряписов, Қ.Айтаханов, Ө.Әмет, М.Әлі, У.Қайназаров жергілікті  халықтың ұлттық мүддесі үшін не істепті? Тек, Айтахановтан басқасы. Розақұл Халмұрадов ағамыз қазақша сөйлеуді қатырады. Бірақ өзі тұрып жатқан Манкент ауылындағы өзбек мектептерінен қазақтың балалары үшін бір сынып ашып бере алмаған соң, ол кісінің қазақ тілінің мұңын мұңдап жүруі біз үшін бекер. Сөзін нақты іспен дәлелдесе, Розақұл ағамызды қазақ ағайындарының өздері-ақ төбелеріне көтерері даусыз еді.
Түсіне  білген адамға біздіңкі тырнақ астынан кір іздеу де, ұлттың арасына сына қағу да емес. Егер Ресейде немесе Өзбекстанда орыс, өзбек балалары қазақ тілінде білім алып жүрсе, билік өкілдері соған жағдай туғызып жатса, үндемес едім. Олай болуы әсті мүмкін емесін сеземіз, ертегіге ұқсас сияқты. Бірақ бізде солай болып жатқанын естіп те, көріп те жүрген соң үндемеуге хақым жоқ. Біздің елде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері Қазақстанды шын мәнінде «өз Отанымыз» деп есептейтін болса, қазақтың шешілмей жатқан проблемаларына олар да атсалысып, олардың да бірдей күйзелгендері жөн.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.