АДАЛ ЕҢБЕКТІ ДӘРІПТЕГЕН МЕКТЕП ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, «Еңбегі адал жас өрен» жобасы бойынша «Күзгі асар» атты дәстүрлі жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – оқушылардың еңбексүйгіштік қасиетін арттыру, адал еңбекке баулу, сонымен қатар ұжымдық ынтымақ пен жауапкершілікті қалыптастыру.
Жәрмеңкеге мектептің 3-10 сынып оқушылары белсене қатысып, өз қолдарымен және ата-аналарымен бірлесіп дайындаған түрлі тағамдар мен бұйымдарды ұсынды. Сауда сөрелерінде қолдан пісірілген тәттілер, үй жағдайында дайындалған тоқаштар мен бәліштер, сондай-ақ оқушылар өз үйлерінің ауласында өсірген көкөністер мен жеміс-жидектер де көрініс тапты. Әрбір сыныптың бұрышы ерекше безендіріліп, күздің әсем бояуына толы көрініс мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Күзгі асар» жәрмеңкесі тек өнім сату алаңы ғана емес, оқушылардың еңбектің қадірін ұғынатын, табыстың артында маңдай тер мен адал ниет тұратынын сезінетін тәрбиелік ортаға айналды. «Адал азамат» бағдарламасы ұсынған басты құндылықтардың бірі — еңбектің қоғам мен адам өміріндегі рөлін бағалау болса, бұл іс-шара соның жарқын көрінісі болды. Жәрмеңке барысында оқушылар өз өнімдерін таныстырып, сатып алушылармен еркін сөйлесіп, қарым-қатынас жасау мәдениетін дамытты. Әрбір қатысушы өз еңбегінің нәтижесін көру арқылы жауапкершілік пен сенімділікке үйренді. Бұл оқушылардың бойында кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыруға, еңбектің әрбір түрін құрметтеуге жол ашты. Мұндай іс-шаралар «Еңбегі адал жас өрен» жобасының негізгі мақсатын айқындай түседі. Жоба жас ұрпаққа еңбектің мәнін, адал табыстың қадірін түсіндіре отырып, болашақта қоғамға пайдалы, еңбекқор азамат қалыптастыруды көздейді. Әрбір оқушы өз еңбегі арқылы қуаныш сыйлап, табыс табудың шынайы жолы адалдық пен ынтамен байланысты екенін ұғынды.
Жәрмеңке соңында түскен қаражаттың бір бөлігі мектептің әлеуметтік жобалары мен қайырымдылық шараларына бағытталатыны айтылды. Бұл да «Адал азамат» бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты — ізгілік пен мейірімділікті дәріптеудің көрінісі. Оқушылардың белсенділігі мен ата-аналардың қолдауы іс-шараны ерекше әсерлі етті. Күзгі жәрмеңке – мектеп өміріндегі ортақ еңбектің, ынтымақтың, шығармашылықтың көрінісі болды. Мұндай шаралар арқылы оқушылар тек еңбекке баулып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын түсінеді. «Күзгі асар» жәрмеңкесі «Адал азамат» бағдарламасының негізгі идеясы – адал еңбек етіп, маңдай термен жеткен табыстың қадірін ұғындыру мақсатына толық сай өтті. Бұл іс-шара жас ұрпақтың бойында әділдікке, еңбекқорлыққа және ұжымдық рухқа баулитын маңызды қадам болды.



