Біз не дейміз, Берік мырза не дейді? Оңтүстікте билік пен жергілікті БАҚ-тың арасы алшақтап барады

215
2

1208-025-233x350Бұрынғының адамдары бүгінде өткен ғасырдың жақсы жақтарын еске алып, кейде тамсана әңгімелейді. Қарап отырсаң оның еш сөкеттігі жоқ секілді. Бізде бір көңілге дық түсіретін жағымсыз жәйт қалыптасып барады. Ол өткен тарихты белінен көлденең сызып тастау. Әр дәуірдің өзінің жақсы жақтары болады. Оның орта түскен тұсын, кемшін кездерін, жаман жақтарын ғана іріктеу-тарихқа жасалған қиянат.

Дәл осы жағдай бүгінгі билік пен жергілікті баспасөздің арасында да орын алып отырғандығын ешкім жоққа шығармайды. Ешқандай гөй-гөйсіз, турасын айтып, талайларға жақпасақ та, бүгін «Дат!» дей отырып, біраз мәселелерді ортаға салғанды жөн көріп отырмыз.
Жүдә арыға бармай-ақ, осы тәуелсіздік алған дәуренімізде облыстың баспасөз орталығына біраз жігіттер басшылық етті. Иса Омар, Кеңес Исмаилов секілді қалам ұстаған ағаларымыз облыстың қаламгерлерімен шынайы байланыс орнатып, олардың жақсылы-жаманды тірліктерін биліктің назарынан ешқашан тыс қалдырған емес. Басшы азаматтар олармен жиірек жүздесетін, аудандарға бірге сапар шегіп, ахуалмен танысып қана қоймай, сол жерде көрген білгендерін риясыз көңілмен ортаға салатын. Сол салиқалы дәстүр ұмыт болып бара жатыр. Біз бүгінгі облыс әкімдігінің баспасөз саласын басқаратын азаматтар сапарға шықпады, жұртпен жүздеспеді деген сыңаржақ пікір айтудан аулақпыз. Дегенмен бір нәрсе жетіспейтін секілді. Ол не?
Берік Уәли (Құрманғали) мырза, сіздің бүгінгі қолыңыздағы биліктің құдіреті қай кездегі әріптестеріңізден қарағанда анағұрлым ауқымды, әрі құлашы кең. Облыс әкімі сізге басқаларға бұйырмаған әкім аппараты басшысының орынбасары деген лауазымды берді. Әлгі біз айтқан ауқымды, үлкен деген мәселелер біздің аузымыздан сол себепті шығып отыр. Ол үшін облыс әкіміне шынайы сезімімізді білдіре отырып, бұл БАҚ өкілдеріне деген үлкен құрмет деп түсінеміз.
Көңілімізге сәл кірбің түсіретін нәрсе — жергілікті баспасөз саласының мамандары, яғни журналистер қауымы биліктен көзге көрінбейтін деңгейде біртіндеп алыстап барады. Соңғы жылдары бір кездегі дағдыға айналған облыстың басшысы мен сала басшыларының журналистермен дастархан басында емес, ресми түрде проблемаларды шешу мақсатындағы басқосуы өткен жоқ. Қаламгерлер басшыларды тек жиындар да, жылына бір рет өтетін өздерінің төл мерекелерінде ғана көре алады. Мақұл, қарт қаламгерлерді, ақындар мен жазушыларды, мәдениет қайраткерлерін облыс басшысы қабылдайтын шығар. Ол кісілер өздерінің көбінесе жеке мәселелерін шешу үшін әкімнің алдына баратыны жасырын емес. Ал орта буын мен кейінгі жас толқын қаламгерлердің төрт құбыласы түгел ме? Әрине, жоқ. Солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қандай мәселелерде қағажу көріп жүргендерін біліп, зерттеп, зерделеп, оны басшылықтың алдына қойып отыратын бірден-бір орган облыстық баспасөз орталығы. Екі жылдан бері аты бар, заты жоқ журналистер одағынан кімге қандай қайыр бар дейсіз.
Бүгінде облыстан жарық көретін кез келген газет А.Мырзахметов жөнінде сыни мақалаларды көбірек беріп жүр. Бұл жақсы ма, жаман ба? Оны дұрыс деп ешкім айта алмайды. Осылардың астарына үңілсеңіз-себеп билік пен баспасөздің арасындағы байланыстың, ынтымақтың, ауызбіршіліктің, ең қиыны татулықтың сетінеп бара жатқандығы. Оған алтын көпір болып, арасын жалғайтын, екі жақтың ортақ ойын бір арнаға тоғыстыратын орын-Берік Уәли басқаратын орталық.
Біз де облыс әкімі турасында бірнеше проблемалық мақалаларды жарыққа шығардық. Кей мәселелерге сауал салдық. Көптің атынан сөз алдық. Қажет кезінде бүгінгі облыс аумағындағы қордаланған қоғамдық келеңсіздіктердің жауабын жалпақ жұртқа жеткізу үшін билікпен, оның бірінші басшысымен сұхбат жасау жөнінде ұсыныс енгіздік. Берік Уәли мырза бізге баспасөз орталығының атынан емес, облыс әкімі аппараты атынан жауап (жауап газеттің 2-ші бетінде жарияланып отыр) беріпті. Бірақ аң-таң болар бір жәйт, біздің көкейдегі әкімге кіріп, арнайы сұрақ қойсақ деген сауалымызға, ниетімізге Берік Уәли мырза төрт сөйлеммен тоқ-тоқ дегізіп жауап беріпті де, сонымен бәрін тәмам қылыпты. Сонда біз не мақсат көздедік, қандай тілек білдірдік, ал Берік Уәли жауабында не деді? Тура облыстың әкімі өзі секілді. Өйткені ондай жауапты баспасөз орталығы емес, біз арнайы сауал салған облыс әкімінің өзі беруі тиіс еді. Жауаптың өзі біріне-бірі кереғар. Берік Уәли облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Б.Нажметдинұлының жұмыстан ҚР Президент әкімшілігінің қызметінен босатқанын, мерзімі мен келісімін хабарлаумен шектелген. Сөйте тұра «…Бұл жерде БАҚ-тан жасыратын ештеңе жоқ» барлық тағайындаулар мен хроникалар БАҚ беттерінде жарияланып келеді» дейді. Ал елдің аузындағы сөз мүлдем басқа. Президент әкімшілігінің келісімі қандай негізге, нендей себепке орайластырылып берілді. Мұны өз сөзіне өзі қарсы шыққан Б.Уәли мырза тағы да ашып айтпайды. Әңгіменің ашығы облыс әкімінің орынбасарының қызметтен өз еркімен кетпегендігі. Сонда өзіміз айтып, жазып жүрген жариялық қайда? Шындық көмбеде қалмайды, түбі бір шығады. Ал билік сол шындықты астына басып, араға дәнекер болатын Б.Уәли секілділер сол көмбені табаттап қымтай бергеннен не ұтпақ? Біз баспасөз өкілі ретінде осы сауалдың ашық жауабын баспасөз қызметінің басшысынан күтеміз. Тек шынайы шындықты.

«Уақыт»