ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

Шымкент қаласының Абай ауданында соңғы жылдары тұрғындардың сұранысы негізінде инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жаңартылуы – ауданның қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған аса өзекті шаралардың бірі. Тұрғындардың өтініштерінен кейін аудан аумағындағы бірнеше шағынауданда жаяу жүргіншілер жолдары толықтай жаңғыртылып, халық игілігіне берілді.

Жалпы есеппен аудандағы 50 көшеге ұзындығы 44 шақырым болатын тротуар салынды. Бұл – аудан тарихындағы ең ауқымды жаяу жүргінші инфрақұрылымын жаңарту жобаларының бірі. Мұндай көлемдегі құрылыс жұмыстары халықтың күнделікті жүріп-тұруына қолайлылық туғызып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да ықпал етеді. Жаңартылған аумақтар қатарында Самал-2, Самал-3, Ынтымақ-2, Қызылжар, Нұршуақ, Қатын көпір, Солтүстік-Батыс, Асар-2 шағынаудандары және Қайнарбұлақ саяжайы мен Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Алтынтөбе тұрғын алаптары бар. Бұл аумақтарда бұрын жаяу жүргіншілер жолының болмауы немесе ескіруі тұрғындар үшін елеулі қиындықтар туғызған еді. Енді толық жөнделген жаңа тротуарлар олардың қауіпсіз қозғалуына толық мүмкіндік беріп отыр. Жолдардың бойында қауіпсіздік талаптарына сай жол белгілері орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Қараңғы түскеннен кейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жарықтандырудың рөлі ерекше. Сонымен бірге тротуар маңындағы аумақ абаттандырылып, жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын ұйымдастыру, жол қозғалысын тиімді реттеу және аудан инфрақұрылымын заман талабына сай жақсарту. Бұл тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік маңызы зор бастама. Себебі ыңғайлы жаяу жүргінші жолдары адамдардың күнделікті өмір сапасын көтеріп, балалар мен қарт адамдардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жаңадан салынған тротуарлар пайдалануға берілді. Бұл – аудан тұрғындары үшін маңызды жаңалық, ал жергілікті билік үшін тұрғындармен тиімді кері байланыс орнатудың айқын көрінісі. Инфрақұрылымның жаңаруы – қалалық ортаның дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам екені сөзсіз. Қала берді, бастамалардың тұрғындар өтініші негізінде жүзеге асуы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімді іске асып жатқанын айғақтайды.