ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Абай ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Мұндай форматтағы кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың талап-тілегін сол орында тыңдап, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік жасау. Көшпелі қабылдау барысында аудан халқы түрлі салаларға қатысты мәселелерін көтеріп, жауапты органдар өкілдерімен тікелей сөйлесті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы, аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Ажедин және тиісті басқармалар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Бұл – көтерілген мәселелерді дереу қарастырып, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен инфрақұрылымға қатысты проблемаларды ортаға салды. Атап айтқанда, жол белгілерін орнату, мектеп маңына жасанды жол кедергісін қою, ауданға жаңа емхана салу қажеттілігі және қаңғыбас иттер мәселесін шешу сияқты өзекті сұрақтар көптеп қойылды. Тұрғындардың ұсыныстары сала мамандарының қатысуымен талқыланып, әр мәселе бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына әсер ететін бұл мәселелердің маңыздылығы қабылдау барысында ерекше назарға алынды. Кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапты. Ал қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты органдардың бақылауына алынды. Бұл процестің ашық әрі жүйелі түрде жүргізілуі тұрғындарға қабылдаудың тиімділігін көрсетті. Қоғамдық қабылдау – тек шағым тыңдайтын алаң ғана емес, нақты нәтижеге бағытталған іс-шара екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Ербол Байқонысов өз сөзінде тұрғындардың белсенділігі мен мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті. Ол әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмайтынын, партияның басты міндеті – халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде анықтап, нақты шешімдер қабылдау екенін жеткізді. Оның айтуынша, ашық диалог арқылы тұрғындармен тұрақты байланыс орнату билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы қоғамдық қабылдаулар қаланың барлық аудандарында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар халықтың өтініштерін дер кезінде қарауға, проблемалардың түпкі себебін анықтауға және олардың оң шешілуіне ықпал етуге бағытталған. Абай ауданындағы көшпелі қабылдау да өз мақсатына жетіп, тұрғындар үшін ашық әрі тиімді диалог алаңына айналды.



