ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне бағытталған жұмыстар қарқын алып келеді. Соның бір дәлелі — Сапарбаев көшесі №23 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасының толығымен жаңартылуы. Бұл — тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, тұрғындардың өтінішіне дер кезінде құлақ асудың нәтижесінде жүзеге асқан нақты жұмыстардың бірі.
Аталған аумақта тұратын көпбалалы ана Арайлым Елтаева ойын алаңшасының тозғанын, кейбір элементтерінің сынып, балалар үшін қауіп төндіріп тұрғанын айтып, «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген болатын. Ана өтінішінде балалардың қауіпсіз ойнайтын ортаға мұқтаж екенін, алаңшадағы жағдайдың алаңдаушылық тудырып жүргенін атап өткен. Оның бұл мәселесі партия өкілдерінің назарын бірден аударды. Өтініш тіркеліп, дереу шара қолданылды. Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек мәселені бақылауға алып, тиісті мекемелерге ресми хат жолдады. Осыдан кейін аудан әкімдігі жағдайды зерделеп, аталған аумақтағы ойын алаңшасын жаңарту жұмыстарын бастады. Қысқа мерзім ішінде ауладағы ойын элементтері толық ауыстырылып, жаңа үлгідегі заманауи құралдар орнатылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін жұмсақ жабын төселіп, алаңшаның айналасы ретке келтірілді. Жаңартылған алаңша бүгінде тұрғындардың қуанышына айналды. Балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта жасалып, ата-аналардың алаңсыз болуы үшін барлық жағдай қарастырылды. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштің қысқа уақытта шешімін табуы партия мен халық арасындағы сенімнің нығая түскенін айғақтайды.
«AMANAT» партиясы үшін тұрғындардың ұсынысы, пікірі мен өтініші — ең маңызды бағыттардың бірі. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қоғамдық қабылдаулар формалды түрде емес, нақты нәтижеге негізделген. Сондықтан әрбір өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданып, бақылау тетігі тұрақты түрде жүргізіледі. Сапарбаев көшесіндегі балалар алаңының жаңартылуы — осындай тиімді жұмыстың бір парасы. Бұл — тек бір аулаға ғана емес, бүкіл ауданға үлгі боларлық бастама. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштің дер кезінде қаралуы, жергілікті билік пен партияның үйлесімді іс-қимылы балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұдан әрі де партия тұрғындармен кері байланысты нығайтып, олардың мәселелерін шешуге белсенді атсалысатынын жеткізді. Осылайша, Әл-Фараби ауданындағы бұл игі жұмыс — қоғам мен билік арасындағы өзара түсіністіктің, халық сөзін ескерудің және нақты әрекет етудің айқын көрінісі болды.



