ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласында тұрғындардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған қоғамдық қабылдаулар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бір дәлелі ретінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен мәслихат депутаты Муфтулла Конакбаевтың азаматтарды жеке қабылдауы айқын көрінді. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаланың әлеуметтік тыныс-тіршілігіне, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзекті жайттар болды. Депутат әрбір келушіні мұқият тыңдап, әр мәселеге жеке тоқталды және оның шешілу жолдарын қарастыруға күш салды.

Қабылдауға келгендердің бірі — Жайлау мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер М.Байсетов. Ол коммуналдық қызмет өкілдерінен су есептегіш құралын ауыстыру қажет деген хабарлама алғанын айтып, алаңдаушылығын жеткізді. Қаржылық жағдайы төмен азамат үшін жаңа есептегіш құралын орнату — едәуір салмақ түсіретін мәселе. Осыған орай Муфтулла Конакбаев тиісті мекемелермен байланысып, талаптың заң аясында қойылып отырғанын түсіндірді. Дегенмен де қаржылық қиындыққа тап болған зейнеткерге қолдау көрсету мақсатында есептегішті орнатуға өзінің жеке қаражаты есебінен көмектесетінін айтты. Бұл шешім партияның әлеуметтік әлсіз топтарға көрсететін шынайы қамқорлығының бір көрінісі болды. Келесі азамат — Қайнарбұлақ шағын ауданының тұрғыны М.Серікбаева. Ол бес жылдан бері отбасымен тұрып отырған үйіне иелік ету құқығын басқа адамның даулап жүргенін айтып, баспана мәселесінің қиындап кеткенін жеткізді. Мұндай жағдай тұрғынның ғана емес, бүкіл отбасының тағдырына әсер ететіні белгілі. Сондықтан депутат бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, тиісті басқарма басшылығына тікелей байланысып, жағдайды құқықтық тұрғыда жан-жақты тексеруді тапсырды. Оның бұл әрекеті әрбір тұрғынның құқығы мен заңды мүддесін қорғауға деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті.

Қабылдау соңында Муфтулла Конакбаев қарапайым азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, әрбір өтініштің артында үлкен тағдыр тұрғанын атап өтті. Ол қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда ашық әрі әділ диалогтың маңызы зор екенін жеткізді. Партия өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қабылдаулар формалды шара емес, нақты нәтиже беретін тиімді алаң болып қалыптасқан. Мұнда көтерілген әрбір мәселенің шешімі назардан тыс қалмай, тиісті мекемелер арқылы бақылауға алынады. Осылайша Шымкенттегі қоғамдық қабылдаулар азаматтардың сенімін арттырып, олардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне нақты ықпал етіп отыр. Партия алдағы уақытта да тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, проблемаларын дер кезінде шешуге бағытталған жұмыстарын жалғастырмақ.