ТАСКЕНДІКТЕРДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» жобасын жүйелі түрде іске асырып келеді. Осы бастама аясында Қаратау ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, шалғай аумақ тұрғындарының талап-тілектерін тыңдауға мүмкіндік жасалды. Қоғам өкілдерімен ашық диалог жүргізу – партия жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жолғы қабылдаудың басты мақсаты да – тұрғындардың күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық және тұрмыстық мәселелерін назарға алып, оларды тиімді шешу жолдарын қарастыру болды.

Іс-шараға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Данияр Омаров, сондай-ақ аудан әкімдігінің қызметкерлері, салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Олар азаматтарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша нақты түсініктемелер берді. Қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылым, әлеуметтік жағдай және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты бірқатар маңызды проблемаларды алға тартты. Қоғамдық көлігі аз, кейбір бағыттарда мүлде қатынамайтыны тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық тудырып отырғаны айтылды. Сонымен қатар, жолдардың сапасы, жарықтандыру жүйелерінің ескіруі, электр бағандарын ауыстыру қажеттілігі және көпқабатты үйлер маңынан қаңғыбас иттердің жиі шығуы сияқты мәселелер де жиі қозғалды. Сала мамандары әрбір азаматтың өтінісін мұқият тыңдап, заң аясында қажетті түсіндірме жұмысын жүргізді. Жол жөндеу бойынша нақты учаскелер белгіленіп, тиісті басқармаларға тапсырмалар берілді. Қаңғыбас жануарларға қатысты шағымдар бойынша ветеринариялық қызмет өкілдері дереу шара қолданатынын жеткізді. Қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмай, аудан әкімдігі тарапынан қосымша талдау жүргізілетіні мәлімделді. Кейбір проблемалар сол жерде-ақ шешімін тапты. Мәселен, құжат рәсімдеуге байланысты сұрақтар бойынша құқықтық кеңес берілді, ал шағын әлеуметтік мәселелер бойынша жауапты тұлғалар жедел әрекет етті. Дегенмен, күрделі әрі ұзақ мерзімді шешімдерді қажет ететін бірқатар өтіністер қосымша зерделеуді талап етті. Мұндай мәселелер арнайы хаттамаға тіркеліп, партия бақылауына алынды.

«AMANAT» партиясының өкілдері бұл қабылдаулар тұрғындармен байланыс орнатудың ең тиімді тәсілдерінің бірі екенін атап өтті. Жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қаладағы барлық аудандарда осындай кездесулер тұрақты түрде өтетін болады. Партия тұрғындармен тікелей диалог орнату арқылы олардың мәселелерін дер кезінде анықтап, шешу ісінің тиімділігін арттыруды көздеп отыр. Қаратау ауданында өткен қабылдау халықтың көкейкесті сұрақтарын ашық айтуына мүмкіндік беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге жергілікті билік пен қоғам арасындағы өзара әрекеттестікті нығайта түсті. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуі – партия жұмысының басты көрсеткіші екені атап өтілді.