ҚАЙТПАС ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қаратау ауданы әкімінің жеке қоғамдық қабылдауы өтіп, тұрғындардың бірнеше мәселелері қаралды. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың бірі – Қайтпас шағын ауданының тұрғыны, өз көшесіндегі жол жиегінің қанағаттанарлықсыз күйде екенін айтып, мәселенің шешілуіне көмек сұрады.

Тұрғын атап өткендей, жол жиегінің бұзылуы мен тегіс болмауы күнделікті жүріп-тұруға айтарлықтай қиындық туғызып келген. Әсіресе, жаяу жүргіншілер мен көлік иелері үшін қолайсыздықтар байқалған. Осыған байланысты азамат өз өтінішін жеткізіп, жауапты органдардан тиісті шара қолдануды сұрады. Қоғамдық қабылдау барысында Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы мәселені мұқият тыңдап, тұрғын көтерген түйткілдің назардан тыс қалмайтынын айтты. Әкімдік тарапынан жағдай зерделеніп, нақты шаралар қабылданатыны жөнінде уәде берілді. Тұрғындармен ашық диалог құру – мемлекеттік басқарудың маңызды қағидаттарының бірі екенін атап өткен Алмас Емелтайұлы келушінің өтінішіне бейжай қарамай, оның шешімін табуға күш салатынын жеткізді. Қоғамдық қабылдау – азаматтардың өтініштерін дер кезінде қарауға, олардың мәселелерін тікелей жауапты тұлғаларға жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң. Бұл жолы да дәл осындай мүмкіндік қарапайым тұрғынның күнделікті тұрмысын жақсартуға себеп болды. Жүргізілген тексерістен кейін Қайтпас шағын ауданындағы жол жиегіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталып, тиісті мердігер мекемелерге тапсырма берілді. Шағын аудан аумағында жол жиектерін қалпына келтіру, тегістеу және қауіпсіздік талаптарына сай ету бағытында жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, көше бойындағы жол жиегі ретке келтіріліп, тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасалды.

Тұрғын тарапынан айтылған өтініштің уақытылы орындалуы – жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімнің нығая түскенінің айғағы. Қаратау ауданы әкімдігі азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелерді жүйелі түрде қарап, шешу жолында жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Бұл жағдай қоғамдық қабылдаудың тұрғындармен байланыс орнатудағы рөлінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әрбір тұрғынның өтініші мен ұсынысы назарға алынып, олардың нақты шешімін табу – жергілікті басқару органдарының басты міндеттерінің бірі.