ЖӘРМЕҢКЕДЕ ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы ретінде кең көлемде аталып, еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған кезең болды. Елімізде жұмысшы кәсібінің беделін көтеру, кәсіби даярлықты күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту және еңбек нарығын дамыту бойынша нақты қадамдар жасалды. Бұл жыл еңбек адамын қолдау саясатының жаңа деңгейге көтерілгенімен есте қалды.
Осы жұмыстардың жарқын көрінісі ретінде Шымкент қаласында Көрме орталығында өткен республикалық еңбек жәрмеңкесі болды. Іс-шара Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы ең ауқымды кездесулердің бірі саналды. Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер жиналды. Жәрмеңкеде 200-ге жуық компания мен мекеме өз ұсыныстарын ортаға салды. Құрылыс, медицина, білім беру, өндіріс, логистика, IT, сауда және қызмет көрсету секілді түрлі салалардың өкілдері 2000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Вакансиялардың қатарында жоғары жалақысы бар, әлеуметтік пакетпен қамтылған және еңбек өтілі аз жастарға арналған орындар да болды. Ең сұранысқа ие мамандықтар тізімінде дәрігерлер, медбикелер, инженерлер, технологтар, мұғалімдер, тәрбиешілер, IT-мамандар, бухгалтерлер, жүргізушілер мен логистер ерекшеленді. Көптеген жұмыс іздеушілер сол күні жұмыс берушілермен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болып, тікелей жұмысқа шақырту алды. Бұл жәрмеңкенің тиімділігін арттыруға, азаматтардың уақытын үнемдеуге және еңбек нарығына тез бейімделуіне мүмкіндік берді. Жәрмеңке барысында Еңбек мобильділігі орталығы тегін кәсіби оқыту бағдарламаларын таныстырды. Аспаз, шаштараз, тігінші, логист, IT-маман, бухгалтер сынды бағыттар бойынша ұсынылған курстардың барлығы жұмысқа орналасуға қолдау көрсетуді де қамтиды. Өз ісін ашуға ниетті азаматтарға бизнес-жоспар құру ережелері, мемлекеттік грант алу жолдары мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері түсіндірілді. Әлеуметтік осал топтарды қолдау іс-шараның тағы бір маңызды бағыты болды. Көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар және жұмыс табуда қиындық көріп жүрген азаматтар үшін арнайы субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңкеге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев арнайы қатысып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілермен пікір алмасты. Ол еңбек адамының құқықтарын қорғау, кәсіподақтардың рөлі және әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін көтерді. Сонымен бірге, Хан ТВ, Айгак ТВ, Уақыт ТВ және Оңтүстік ТВ телеарналарына сұхбат беріп, Жұмысшы мамандықтары жылының нәтижелері жөнінде кеңінен баяндады. Бауыржан Алтеев өз сөзінде еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Нақтырағы «Еңбек адамы – елдің тірегі. Кәсіподақтар еңбек нарығындағы әр өзгерісті қадағалап, жұмысшылардың мүддесін қорғайды. Бұл жәрмеңкелер – азаматтардың өз орнын тауып, тұрақты табысқа қол жеткізуіне тікелей жол ашатын тиімді бастама» деді ол.



