“БАҚЫТТЫ БАЛА – БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ” ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИНАЛЫС ӨТКІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 2025 жылғы 24 қазандағы және Шымкент қаласы білім басқармасының 2025 жылғы 12 қарашадағы ресми хаттарына сәйкес, еліміздегі білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған республикалық онкүндік акциясы қолға алынған болатын. Осы бастама аясында №78 жалпы орта білім беретін мектепте 2025 жылғы 17 қараша күні 8-сынып оқушыларының ата-аналары үшін “Бақытты бала – бейбіт елдің тірегі” тақырыбында жиналыс өткізілді. Бұл жиналыс жас ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты күшейту және бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті айқындауға бағытталды.
Аталған шараның мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі қағидаларымен тығыз байланысты. Бағдарламада баланың тұлғалық қалыптасуы ең алдымен отбасыдан басталатыны, ата-ананың тәрбиелік ұстанымы баланың азаматтық болмысының іргетасын қалайтыны ерекше атап өтіледі. Сол себепті ата-аналармен өткізілген жиналыс олардың бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігін тереңірек түсіндіруді мақсат етті. Жиналыста бірінші кезекте бақытты баланың қалыптасуындағы отбасының рөлі талқыланды. Ата-ананың күнделікті қарым-қатынасы, қолдауы, мейірімі мен талап қоя білуі баланың мінезі мен құндылықтық бағытын анықтайтыны айтылды. Балаға берілетін тәрбие тек материалдық қамту ғана емес, рухани қолдау мен ортақ уақыттың маңыздылығы да баса назарға алынды. Шара барысында отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселесі де қарастырылды. Мұғалімдер мен ата-аналардың бірлесе әрекет етуі, баланың оқудағы және мінез-құлықтағы өзгерістерін бірге бақылап, қажетті қолдау көрсетуі – тәрбиенің нәтижелілігін арттыратыны айтылды. Бұл бағыт «Адал азамат» бағдарламасының мектеп пен отбасының бірлескен тәрбие кеңістігін құру қағидасына сәйкес келеді. Бейбіт, қауіпсіз қоғам құру үшін бала тәрбиесінің ерекше маңызы бар екені де кеңінен сөз болды. Ата-аналарға ұлттық және адамгершілік құндылықтарды бала санасына ерте жастан сіңірудің жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар жиналыста балаға қолайлы психологиялық орта қалыптастыру тәсілдері – мейірім таныту, тыңдай білу, түсіну, эмоциялық қолдау көрсету – егжей-тегжейлі талқыланды. Мұндай ортада өскен бала сенімді, батыл, жауапкершілікті азамат ретінде қалыптасады.
Бала құқықтарын қорғау, интернеттегі қауіптерден сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері де назардан тыс қалмады. Ата-аналарға практикалық кеңестер беріліп, баланың қызығушылығы мен қабілетін дамыту жолдары талқыланды. Өткізілген жиналыс «Адал азамат» бағдарламасының негізгі мақсаты – бақытты, саналы, жауапты ұрпақ тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосты. Отбасы мен мектептің бірлескен жұмысы арқылы ғана балаға қолдау көрсететін қауіпсіз орта қалыптасады, ал мұндай орта елдің болашақ азаматтарын тәрбиелеудің берік негізі болмақ.



