ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 19 қарашадағы хатына сәйкес «Заң және Тәртіп» идеологемасын ілгерлету мақсатындағы жобаларды жүзеге асыру шеңберінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты №132 жалпы орта білім беретін мектепте 7-11 сынып оқушылары арасында «Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» тақырыбында бірыңғай мазмұндама жазу акциясы өтті. Бұл шара жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейтін маңызды тәрбиелік іс-шара ретінде ұйымдастырылды.

Акцияның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін нығайтып, олардың қоғамдағы жауапкершілігін арттыру. «Заң және Тәртіп» идеологиясының мәнін түсіндіру арқылы мектеп жасындағы балалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын орындау қажеттігін ұғындыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы мақсатта мектеп ұжымы мен пән мұғалімдері оқушылардың түсінігіне лайық мазмұндама тақырыптарын дайындап, оларды құқықтық ойлау тұрғысынан бағыттап отырды. Іс-шара барысында оқушылар полиция қызметінің қоғамдағы рөлін тереңірек танып, қауіпсіздік ережелерін сақтау не үшін маңызды екенін түсінді. Мәтін жазу арқылы балалар полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеттері мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігі туралы ой қозғады. Бұл тәсіл жасөспірімдерге қауіпсіздік мәдениетін сезіндіре отырып, құқық қорғау органдары мен балалар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Балалар мен полиция арасындағы өзара ынтымақтастық пен диалогтың қалыптасуы – қоғам қауіпсіздігінің басты тіректерінің бірі. Осындай мазмұндамалар жазу арқылы оқушылар өз көзқарасын жүйелеп, қоршаған ортадағы қауіпсіздікке салмақты қарап, өзінің құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсіне бастайды. Бұл – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен толық үндесетін бағыт.

Бағдарлама аясында құқықтық мәдениетті дамыту – тұлғаның жауапкершілік қасиетін қалыптастырудың маңызды элементі. Қоғамға құрметпен қарау, заңды сақтау, тәртіпке бағыну және қауіпсіз орта құруға үлес қосу – әрбір жасөспірімнің бойында қалыптасуы тиіс азаматтық ұстаным. №132 мектепте өткен мазмұндама жазу акциясы осы мақсаттардың орындалуына серпін беріп қана қоймай, жас буынды саналы, тәртіпті, адал әрі жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге нақты үлес қосты. Бұл іс-шара алдағы уақытта да оқушылардың құқықтық сауатын көтеруге бағытталған тұрақты тәрбиелік жұмыстардың жалғасы болмақ.