ТҰРАНДЫҚ ТҰРҒЫННЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне қала тұрғындарының өтініші түсіп, онда балалар қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе көтерілді. Тұрғын шағымында Отырар шағын ауданы №9 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасындағы бір ойын элементі бұзылып, балаларға қауіп төндіріп отырғанын жеткізген. Алаңшада ойнайтын бүлдіршіндердің жарақат алу қаупі жоғары болғандықтан, мәселенің тез арада шешілуі аса маңызды еді.
Өтінішті қараған Тұран аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы жағдайды жіті назарға алып, мәселе аудан әкімдігіне жолданатынын айтты. Тұрғындардың қауіпсіздігіне, әсіресе балаларды қорғауға бағытталған ұсыныстар әрқашан партия назарында екенін атап өткен ол бұл мәселенің жауапты мекемелер тарапынан шұғыл қарастырылуын қамтамасыз етті. Өтініш тиісті органдарға жолданғаннан кейін аз уақыт ішінде Тұран аудандық әкімдігі тарапынан нақты шаралар қабылданды. «Тұран» КММ-нің абаттандырылған нысандарды күтіп ұстау бөлімі мамандары көрсетілген мекенжайға жіберіліп, ойын алаңшасына толық тексеру жүргізілді. Мамандар алаңдағы бұзылған, сынып тұрған элементтерді анықтап, оларды жөндеуге кірісті. Қауіпті болып тұрған бөліктер толығымен ретке келтіріліп, балалардың алаңсыз ойнауына жағдай жасалды. Жөндеу жұмыстарының уақтылы орындалуы тұрғындардың көңілінен шықты. Қауіп төндірген ойын элементтерінің қалпына келтірілуі тек бір аула тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ауданның әлеуметтік қауіпсіздігі үшін маңызды қадам болды. Ата-аналар балалардың ойын алаңында қауіпсіз ойнауына мүмкіндік жасағаны үшін партия филиалына және аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді. Бұл жағдай «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларының тиімділігін тағы бір мәрте көрсетті. Партияға түскен әрбір өтініш назардан тыс қалмай, нақты іс жүзінде жүзеге асырылатынына дәлел болды. Қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындар көтерген мәселелер уақытында тыңдалып қана қоймай, олардың орындалуы да жұртшылықтың көз алдында жүзеге асып келеді.
Тұран ауданында орын алған бұл мысал тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы ашық байланысты нығайтып, азаматтардың сенімін арттыра түсті. Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясы тұрғындардың тұрмысына әсер ететін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.



