ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ ІСІНІҢ ӨЗЕГІ

Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының жоспарлы жұмысы аясында №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебінде функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллектіні ықпалдастыру бағытындағы тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шара 2025 жылдың 19 қарашасында өткізілді және білім беру мазмұнын ұлттық құндылықтармен сабақтастыруды көздеді. Семинардың ашылуына ҚББ Әдістемелік орталығының әдіскері С.Б. Үтемісова қатысып, баяндама жасады. Мектеп директоры Найла Рапихақызы шараның маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл семинар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарын, әсіресе ұлттық құндылыққа негізделген білім беруді, жауапкершілікті, еңбекқорлықты және саналы ойлауды дамытуды тиімді жүзеге асыратын алаң ретінде танылды. Бағдарлама оқушыны елжанды, мәдениетті, білімді әрі технологияны дұрыс қолдана алатын тұлға ретінде қалыптастыруды мақсат етеді. Семинар барысында бастауыш сыныпта ұлттық және рухани құндылықтарды білім мазмұнына кіріктіру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану жолдары кеңінен талқыланды. Мұғалімдер құндылыққа бағытталған сабақ үлгілерін ұсынып, олардың құрылымы мен тәрбиелік мазмұнына талдау жасады. Бұл жұмыстар оқушылардың ойлау, талдау, зерттеу, ақпаратты өңдеу және өмірлік жағдаяттарда шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға бағытталды. Жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу туралы тәжірибелер де көпшілік назарына ұсынылды. АКТ құралдарының оқытудағы мүмкіндіктері, цифрлық контентті тиімді пайдалану жолдары мен оқушының жеке білім траекториясын қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. Бұл тәсілдер жас ұрпақты өзгермелі қоғамда бәсекеге қабілетті, шығармашыл және технологиялық сауатты азамат ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Семинар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттырып, педагогикалық қауымға тәжірибе алмасудың нәтижелі алаңы болды. Ұсынылған әдіс-тәсілдер мен инновациялық мысалдар ұстаздардың құзыреттілігін арттыруға жаңа серпін берді.
Қорытындысында қатысушылар ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияны үйлестіру — оқушыны жан-жақты дамытуға бағытталған тиімді тәсіл екенін атап өтті. №66 «Қазығұрт» мектебі алдағы уақытта да ұлттық құндылыққа негізделген білім беру мен «Адал азамат» бағдарламасының бағыттарын жүзеге асыруда үздік тәжірибелерді жалғастырмақ.



