ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИАНЫ САНАЛЫ ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТРЕНИНГ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №131 жалпы орта білім беретін мектепте 2025 жылдың 20 қарашасында жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған психологиялық тренинг өткізілді. Мектеп директоры Жарасова Гүлжан Спандиярқызының басшылығымен ұйымдастырылған шара Шымкент қаласы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» МКМ-нің 1 қарашадағы хатына сәйкес өткізілді. Тренингтің негізгі тақырыбы – «Әлеуметтік медиа және оның ықпалы».
Іс-шараның мақсаты – оқушыларға әлеуметтік медианың психикалық және эмоциялық жағдайға, өзін-өзі бағалауға әсерін түсіндіру, саналы цифрлық мінез-құлыққа үйрету және интернеттегі қауіпсіздікті сақтау дағдыларын қалыптастыру болды. Оқушылар желідегі ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауды, жалған контент пен ақпараттық манипуляцияларды тануды, эмоциялық гигиенаны сақтауды үйренді. Сонымен қатар, уақыт менеджментін тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы да қарастырылды. Тренинг барысында оқушылар екі топқа бөлініп, әлеуметтік желілердің адамға пайдасы мен зияны туралы постер қорғады. Әр топ өз зерттеулерін, бақылаулары мен ұсыныстарын ортаға салып, пікірталасқа қатысты. Сондай-ақ, әртүрлі жағдайлық тапсырмалар арқылы онлайн қауіптілікті тану, жағымсыз ақпаратқа қарсы әрекет жасау, желіні саналы пайдалану дағдылары пысықталды. Бұл шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі қағидаларымен тығыз байланысты. Бағдарлама жасөспірімдерді жауапты, саналы және ақпаратты дұрыс қабылдай алатын тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Әлеуметтік медианы дұрыс пайдалану дағдылары оқушылардың тұлғалық дамуына, сыни ойлау қабілетінің жетілуіне, өз эмоциясын басқаруына және интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. №131 мектепте өткен тренинг жас ұрпаққа тек әлеуметтік желілердің пайдасы мен зиянын түсіндіріп қана қоймай, олардың саналы және қауіпсіз цифрлық мінез-құлыққа үйренуіне, өз ойларын ашық айтуына, жауапкершілікті сезінуіне жағдай жасады. Мұндай іс-шаралар оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға саналы, сенімді және ақпаратты дұрыс қабылдай білетін азамат болып өсуіне маңызды үлес қосады. «Адал азамат» бағдарламасының түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру.



