МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ІРІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, индустриялық әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсуі, инвестиция көлемінің артуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін беруде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға өсті. Бұл – ауданда өндірістік қуаттың кеңейіп, жаңа кәсіпорындардың іске қосылғанының нақты көрінісі. Сонымен қатар өткен жылы аудан экономикасына 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Мұндай көрсеткіштер Мақтааралдың инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын айқын аңғартады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, өткен жылы «Агрогруз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан бақша өнімдерін экспорттауға арналған арнайы бекет іске қосылса, «GOLDEN RICE» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты және «BEGASH» ЖШС-ның пластик трубалар өндіру жобалары пайдалануға берілді. Бұл кәсіпорындар жергілікті өнімнің қосылған құнын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасады.

Биыл да ауданда өндіріс саласындағы жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мақта тұқымын және мақта майын өңдеу зауыттары, темір-бетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдеу зауыттары іске асырылу үстінде. Бұл жобалар Мақтааралдың аграрлық ауданнан біртіндеп өңдеуші өнеркәсіпке негізделген экономикалық модельге көшуіне жол ашып отыр. Ауданда жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл аумаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін қосымша 2,14 гектар бос жер қарастырылып, жаңа жобаларды орналастыруға дайындалуда. Индустриалды аймақта бірқатар өндіріс орындары табысты қызмет атқаруда. Олардың қатарында жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары бар. Бұл өндірістер жүздеген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

2025–2026 жылдары іске асырылып жатқан жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Оның ішінде тағы бір асфальт зауытының құрылысы, пластик труба шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан дайын өнім өндіретін цехтардың құрылысы жоспарға сәйкес аяқталады. Бұл жобалар ауданның өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттырып, экспортқа бағытталған өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Жамбыл ауылдық округінің аумағында 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Ал қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.

Жалпы, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Өнеркәсіп өндірісін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі күшейте түспек.