БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАНДАНАДЫ

Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін медициналық-әлеуметтік оңалту қызметін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осы бағытта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиниятпен кездесіп, өңірдегі балаларды оңалту жүйесінің қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін оңалту қызметінің сапасы, қолжетімділігі және тиімділігі басты назарға алынды. Тараптар саладағы өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды шешудің нақты жолдарын қарастырды. Әсіресе, медициналық оңалту қызметін заманауи талаптарға сай дамыту, жаңа технологияларды енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелері кеңінен сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Түркістан облысының демографиялық ерекшелігіне тоқталып, ана мен бала денсаулығын қорғау – өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда тұрғандықтан, балалардың денсаулығын сақтау мен оңалту қызметін жетілдіру ерекше өзектілікке ие. Осы орайда, әрбір баланың сапалы ем алып, толыққанды оңалту курсынан өтуіне барлық жағдай жасалуы тиіс.

Қанат Қайыпбек заманауи медициналық технологияларды енгізу мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, салаға қатысты айтылған ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, тиісті жоспарларға енгізілетінін жеткізді. Бұл бастамалар өңірдегі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Өз кезегінде Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиният орталықта қолданылып жатқан заманауи оңалту тәсілдерімен бөлісті. Ол шет мемлекеттердегі балаларға арналған реабилитациялық орталықтардың жұмыс тәжірибесі зерделеніп, соның негізінде елімізде жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын атап өтті. Дегенмен, үздік құрал-жабдық пен технологияның тиімділігі білікті мамандарсыз толық іске аспайтынын айтып, кадр даярлау мәселесіне ерекше мән беру қажеттігін жеткізді.

Ажар Ғиниятқызы реабилитациялық орталықтарда еңбек ететін мамандар арасында тәжірибе алмасу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру жоспарда бар екенін және осындай орталықтарды еліміздің барлық өңірлерінде ашу көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, Түркістан облысында жаңа балаларды оңалту орталығын ашу жөнінде ұсыныс білдіріп, өңірдің бұл бағытта әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Кездесу қорытындысында тараптар балаларды оңалту орталықтарының жұмысын жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және шетелдік озық тәжірибені тиімді пайдалану бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті. Бұл өзара әріптестік өңірдегі оңалту қызметінің сапасын арттыруға және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталмақ.

Ұлттық балаларды оңалту орталығының өкілдері Түркістан облысына іссапар барысында бірқатар оңалту мекемелерінің жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, «Ақбұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығының және Түркістан қалалық балалар ауруханасының оңалту бөлімшесінің қызметіне оң баға берілді. Мамандардың кәсіби деңгейі мен медициналық жабдықталуы жеткілікті екені атап өтілді. Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысында заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа Оңалту орталығы іске қосылып, Ана мен бала орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар өңірдегі балалар мен аналарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етпек.