САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 380 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСҚАН

Сарығаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, өңір экономикасының өсуін айқындайтын маңызды көрсеткіштерді көрсетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 385,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда елеулі өсім көрсеткен. Бұл өсімнің негізінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы нақты көрсеткіштер жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 137,2 млрд теңгеге жетіп, ауылдық жерлердегі өндірістің дамуын дәлелдеді. Ал өнеркәсіп саласы 30,5 млрд теңге көлемінде өнім өндіріп, аудан экономикасының әртараптануына үлесін қосты. Сонымен қатар, негізгі капиталға 82,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өңірге жаңа жобалар мен өндіріс орындарын енгізуге мүмкіндік жасалды.

Аудан басшысы Арман Абдуллаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр ауданда 78 мың гектар жерге әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 5 219 гектар аумаққа заманауи тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, 1 324 гектар жерге қарқынды бау егілген. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану мен өнімділікті арттыру саясатының нақты нәтижесін көрсетеді. Сондай-ақ, аудан жылыжай саласын дамытуда елімізде көшбасшы болып отыр: қазіргі кезде Сарығаштағы жылыжай көлемі 807,2 гектарға жетіп, елдегі жалпы жылыжайлардың 70 пайызы осы ауданда шоғырланған. 2025 жылы құс фабрикасын кеңейту, лимон өсіруге арналған 4,3 гектар жылыжай кешені мен жеміс қоймасын іске қосу жұмыстары жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мал шаруашылығына да ерекше назар аударылуда. Өткен жылы мал сою және экспортқа ет дайындау орны, 1 000 басқа арналған мал бордақылау кешені құрылды. Ал 2026 жылы 5 000 бастық мал бордақылау алаңы мен 1 000 бастық ірі қара мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, өсімдік майын өндіретін және құрама жем дайындау цехтарын ашу арқылы аудан мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін толықтыруды мақсат етеді. Мұның бәрі аудан экономикасының тұрақты дамуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған.

Сарығаш ауданы өнеркәсіп саласын да қарқынды дамытып келеді. Былтыр бір реттік ыдыстар мен пластмасса жәшіктер өндіретін цех ашылып, күнбағыс майын өңдеу және темірбетон цехы іске қосылды. 2026 жылы жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын жаңа жобалар жүзеге асырылмақ: минералды су құю зауыты, қыш шығару және күнбағыс майын өңдеу цехы, сондай-ақ шағын су электр станциясы құрылуы жоспарланған. Бұл жобалар өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге бағытталған. Тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Өткен жылы ауданда 62 201 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші артты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салынса, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасады. Сонымен қатар, Дербісек және Дарбаза ауылдық округтерінің ішкі көшелеріне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді. Аудандық бюджет есебінен 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл 89 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.

Сарығаш ауданындағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің даму көрсеткіштері, инвестиция тарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шаралары бірлесе өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде. Заманауи жылыжайлар, мал бордақылау кешендері, өндірістік цехтар мен тұрғын үй құрылысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, Сарығашты инвестиция тартуға тартымды аймаққа айналды. Жергілікті билік пен инвесторлардың бірлескен жұмысы арқасында аудандағы өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарып отыр. Алдағы жылдары да аудан экономикасын әртараптандыру, өнімділікті арттыру және әлеуметтік қолдауды кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы бастамалар Сарығаш ауданын тұрақты дамудың үлгі аймағына айналдырып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің үйлесімді дамуы арқылы өңірдің жалпы экономикалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді.