ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫН ЖАҢАРТУ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Дер кезінде жөнделмесе жылу құбырлары жарылып, төтенше жағдай тудыратынын Екібастұз қаласындағы жағдай көрсетіп отыр. Бәріне белгілі Екібастұз қаласында жылу желісінде орын алған апат салдарынан бірқатар көпқабатты үйлер жылудан қағылып отыр. Қалада төтенше жағдай жарияланып, пәтерінде сусыз, жылусыз дірдек қағып отырған адамдар үшін жылыту пункттері ашылды.

Павлодар облысында орын алған мұндай апатты алдын алу үшін барлық өңірлерде қысқы жылыту маусымына әкімдердің дайындығын тексеру жөніндегі  комиссия құрылған болатын. Осы аптада комиссияның алғашқы отырыс өтті.

Бұл бағытта Түркістан қаласында мәселе туындамауы тиіс деп санайды сала мамандары.

Былтыр Түркістан қаласында жылу құбырларының тозу деңгейі 79 пайызды құраған. Ағымдағы жылы қала тұрғындарына сапалы жылу жеткізу үшін жылу беретін нысанда жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстарының нәтижесінде көрсеткіш 30 пайызға дейін төмендеген.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жылу құбырлары бойынша биыл  1 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Құрылыс жүргізу жұмыстары 2023 жылға жоспарлануда. Нысан толық аяқталғанда қаладағы жылу құбырларының тозу деңгейі 30% дан 10% төмендейді. Қала аумағында 10 жылу қазандығы арқылы 6 516 абонент (көпқабатты үй -167, жеке және заңды тұлғалар-114,) жылумен қамтамасыз етіледі.