КИЕЛІ ШАҺАРДА ЕРЕКШЕ ЭКОПАРК САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістанның табиғаты жаңа кейіпке енбек. Қарашық өзенінің бойында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы қызып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған бұл жоба аймақтың экологиялық тынысын ашып, демалыс мәдениетін жаңа деңгейге көтермек.Өңір басшысы Нұралхан Көшеров құрылыс басына арнайы барып, жұмыс барысын қадағалады. Әкім табиғи ландшафтты сақтау мен материалдардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Мұндағы басты талап – табиғатқа зақым келтірмей, заманауи жайлылықты қалыптастыру.
Қазірдің өзінде өзеннің екі жағалауы қоқыстан тазартылып, ағаштар бұталып, әктелген. Инфрақұрылым да назардан тыс қалмады. Болашақта мұнда күн панельдерінен қуат алатын жарық шамдар орнатылып, барбекю аймақтары мен балалар алаңшалары салынбақ.
Ерекшелігі сол – саябақ дизайнында тек табиғи тас пен ағаш мүсіндер қолданылады. Бұл Түркістанның туристік әлеуетін арттырады.



