ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 26 ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНЫП БІТТІ
Шымкент қаласы әкімінің қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен болған кездесуде Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ақпаратымен бөлісті.
200 мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көп қабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде 39 көп қабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Оның ішінде 26 аулада балалар алаңшасының құрылысы аяқталып, мердігерлерден қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, 11 жеке секторға кешенді балалар ойын алаңшасы салынған. Биыл 7 кешенді спорт алаңы соғылуда. «Жалпы бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың келісімімен жасалып жатқан іс. Нысандардың құрылыс жұмыстары бақылауға алынып, сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуін қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, әр алаңшаның техникалық жай-күйіне талдау жасайтын қадағалаушы мамандар тартылған. Олар алаңша басталғаннан бастап, аяқталғанға дейін сапасын бақылайды», – дейді инфрақұрылым бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратұнов. Аудандағы ойын алаңшаларын қайта жасақтау, аулаларды абаттандыру жұмысы биыл да жалғасады, дейді мамандар. Айта кету керек, Абай ауданы аумағында 2023 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында 18 жоба жасалатын болады. Оның ішінде 15 әмбебап спорт алаңша және 3 спорт алаңша салынатын болды. Жобалардың жалпы құны 497,5 млн. теңгені құрайды. Атап айтқанда, Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе мөлтек аудандарында 15 әмбебап спорт алаңшасы, Асар, Достық, Қайнарбұлақ елді мекендерінде 3 спрат алаңшалары салынады. Атқарылар жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бүгінде аудандағы мектептер саны – 29, жеке меншік — 16. Тапшылық — 7, мектеп жоқ елді мекен — 2.