ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДІ: ПРЕПАРАТ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес толық бақылауда және жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Биыл 421,6 мың гектар алқапты химиялық өңдеу жоспарланып, оның 42 пайызы (171,5 мың га) орындалды. Зиянкестердің экономикалық шегінен асуы 183,5 мың гектарда анықталды. Қазіргі таңда 1 млн гектардан астам жердің 62,8 пайызы зерттелді. Айта кетейік, қауіпті аймақтар ретінде Сарыағаш ауданының 22-секторы мен Келес ауданының бірқатар аумақтары белгіленді. Шекаралас және шөп қалың өңірлерде мониторинг күшейтілді.

Бұл мәселе облыс әкімі төрағалық еткен жиында қаралды. Арнайы штаб құрылып, өңір 65 секторға бөлініп, 65 жұмыс тобы жасақталды. Жедел штаб Келес ауданында орналасқан.

Сонымен қатар саяқ шегірткеге қарсы жұмыстар да жүргізілуде. Биыл 36 мың гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Бұл жұмыстар Арыс, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарында атқарылуда.

Жалпы, облыстағы фитосанитариялық ахуал тұрақты, барлық жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады деп күтілуде.