САУРАН ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ ТЕРБЕЛМЕЛІ ҚОС МҰНАРА ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазқайтажаңарту» мекемесінің басшылығымен кездесті. Талқылаудың басты тақырыбы – Сауран қалашығындағы бірегей ескерткіш, тербелмелі қос мұнараны қайта қалпына келтіру жобасы болды. Кездесуге Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының бас директоры Олжас Шариязданов пен Тараз филиалының директоры Нұртіллә Бекбергенов қатысты. Басты мәселе – ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары саналатын қос мұнараны дәл сол заманғы технологиямен және ғылыми-тарихи негізде қайта тұрғызу. Өңір басшысы бұл жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталды. Өз кезегінде Олжас Шариязданов Сауран қалашығы мен тербелмелі мұнараларға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Тараптар нысанды қалпына келтіру Сауранның туристік әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Кездесу соңында қос тарап жобаны жан-жақты зерделеуге уағдаласты.