ТЫҢ ТАҚЫРЫПТЫ КӨТЕРГЕН ШЫҒАРМА
Кеңес үкіметі кезінде Алматыда өткен үлкен бір партиялық жиналыста Мәскеудегі орталық комитеттен келген өкіл: «Сіздердің жазушыларыңыз тарихи тақырыпқа тым көп еңбек жазып кетіпті ғой. Неге бұлай? Олардың орнына бүгінгі коммунистердің жасампаз еңбегін, кеңес қоғамындағы ұлы орыс халқының авангардтық рөлін, одан қалса, жұмысшы шаруалардың тұрмыс-тіршілігін кеңінен насихаттайтын еңбектерді барынша мол жазуларыңызға кеңес берер едім» деп соққаны бар-ды.Бұл – 1986 жылғы оқиғадан кейін іле-шала болған жиналыстағы әңгіме-тұғын. Сонда ойлағам: «Бұл ғой, қазақша білмейді. Оның үстіне әдебиет оқымайтын адам. Сірә, мұндай жалған ақпарды оған өзі сияқты кітап оқымайтын, бірақ кісілігі мен жағымпаздығы қатар жүретін әлдебір жантықтар берген-ау» деп.
Расында, желтоқсаншыларды қудалап, өз мансаптарын қалайда сақтап қалу үшін туған халқының тарихы мен болмысынан безген, барлық құбылысқа «ұлыорыстық» көзқараспен қарауға дағдыланған лауазымдылар сол кезде аз болған жоқ. Әсілі, тек желтоқсан оқиғасы уақытында ғана емес, одан бұрын да, одан кейін де осындай пиғылды ұстанғандардың талайы, басқа орындарды қойшы, дәл Қазақстан КП орталық комитетінің өзінде де жоғары шенді қызметтерді атқарды.Десек те, заман ыңғайына қарай төңкерілгіш, өткенді де, келешекті де пайымдауға өрелері жете бермейтін, тек өз уақыттарының бұлбұлдары мен құрқылтайлары атанған ондайларға кінә арту да орынсыз. Әйтпесе, сол заманда «Абай жолы», «Алтын Орда», «Көшпенділер», «Үркер», «Елең-алаң», «Аласапыран», «Қан мен тер» т. б. сияқты ондаған кітаптар болмаса, жазушылардың дені қазақ тарихын баяндайтын шығармаларды көптеп жаза қойған жоқ. Тіпті, ашығын айтсақ, жоғарыда аталған кітаптардың өздері де, сол кезгі саясатқа байланысты соцреализм тұрғысына орай жазылғаны ақиқат. Ол аз болса, сол саясаттың ығына жығылғандықтың салдарынан жалғыз орысты көреген, ал жүз қазақты одан сана-түйсігі де, ақыл-білімі де төмен етіп көрсеткен өзіміздің қаншама жазушыларымыздың еңбектері дүниеге келді десеңізші. Бұған керісінше, барлық шығармалар социалистік идеялардың негізі бойынша жазылуы тиіс қатаң цензураның кезінде біз атаған жаңағы кітапттардың өмірге келуі – нағыз ерлікке парапар шығармашылық екені айқын. Алайда бір ақиқат нәрсе – әлгі кітаптар соцреализм бағытының кесірінен қазақ тарихын түгел, тіпті, жарты ақиқатын да баяндай алмағандығын мойындауымыз керек.
Кеңестік идеологияның ең басты басымдығы – өзінің құрамындағы орыстан басқа барлық үлкенді-кішілі ұлттардың тарихын ашық көрсетуге тыйым салумен көрінді.Соның нәтижесінде, бұрынғы ғасырларда айтулы тарихы бар қазақ және Орта Азия халықтары ойсыз, қамсыз, мал тәрізді ешбір тірліксіз ауа жайылып жүрген, тек кеңес кезінде ғана көздері ашылып, өздерінің адам, ұлт екендіктерін таныған жұрт ретінде бағаланды. Сөйте тұрып, әлденеден үріккендей, «ұлттар достығы», « барлық ұлттардың құқықтары бірдей» деген қағидаларды ойлап тапты. Сөйтіп, өздері «майда» атаған ұлттардың ескі замандарда үлкен тарих жасағаны, сол тарихта олардың өз бостандықтары мен ел-жерлерін сақтауда сансыз мәрте күреске түскендері, кейде мықтысы әлсізіне үстемдік қылып, соғыс ашқаны туралы нақты мағлұматтар мен құжаттар бар болса да, олар жайында жазуға тыйым салып, «Халықтар достығына зиянын тигізеді» деген сылтаумен шынайы шындықты бүркемелеп тастады. Дегенмен, кеңестік идеологияның осы ең басты басымдығы – уақыт өте келе, оның ең үлкен кемшілігі болып шыға келді.Өйткені өткен тарихқа ешкімнің өктемдігі жүрмейді екен әрі ол болған күйінде жазылмағы ләзім екен. Қазіргі кезде ұлы уақыт бізге соны дәлелдеп отыр.
Ақиқатында, біз тарихымызды енді ғана шынайы түрде жаза бастадық. Әйтсе де, оның ашылмаған сырлары көп. Қазір тарихи шығарма жазатын жазушылар осы олқылықтың орнын толтыру үстінде. Мәселен, Х1Ү ғасырда Қазақ Хандығы құрылып, кейін оның нығаюы мен өркендеу жолында маңызды рөл атқарған Оңтүстік Қазақстан өлкесінің соңғы төрт-бес ғасыр ішіндегі тарихын жете зерттеген шымкенттік қаламгер Момбек Әбдәкімұлы соңғы кездері осы бағытта тынымсыз еңбек етіп жүр. Ол бұл бағыттағы зерттеулерін көлемді мақалалармен бірге қадау-қадау көркем әдебиеттерге де айналдырып, аталмыш тақырып аясында «Естемес би», «Зобалаң», «Дүрбелең» сынды бірқатар тарихи һәм деректі романдар жазды.
Оңтүстік өлкесінің тарихына арналған оның жуырда ғана жарыққа шыққан кезекті бір романы «Күн тұтылған мезгіл» деп аталыпты. Негізі, ол үш кітаптан тұратын трилогия екен. Жарық көрген бірінші кітабына «Қожамжар би» деген атау қойылыпты. Бірінші кітап ХҮ111 ғасырдың екінші жартысында Сыр мен Ташкент, Қаратау мен Жетісу аралығында өткен оқиғаларды қамтыған. Қазақ тарихында жоғарыда аталған өңірлерде біз атаған кезеңдердеқандай оқиғалар өткені, мұндағы халықтың саяси һәм әлеуметтік жағдайының қандай болғаны туралы деректер тым жұпыны екені хақ. Бар білетініміз – сол уақытта аталмыш аймақтар қалмақтардың қол астында болғаны, кейін қазақ батырларының қол құрап, оларды Жетісу тарапқа қуып шыққаны жайындағы жалпылама мәліметтер ғана. Ал манағы трилогияның бірінші кітабында сол уақытта осы өңірлерде болған шынайы оқиғалар көркем әдебиетке тән желілер арқылы баяндалып,қазақ пен қалмақтың іс-әрекеттері нақты тарихи даталармен байланыстырыла көрсетіледі.
Әлбетте, көзі ашық оқырманға қазақ-қалмақ соғысының барысы таңсық емес. Сөйтсе де, аталмыш кітапта сол соғыстың көпшілікке әлі таныс емес сырлары ашылады.Мәселен, көптеген зерттеушілердің пайымдауларынша, атақты Төле би ХҮ111 ғасырдың ортаңғы шегіне таман Ташкент билігіне қалмақ қонтайшысы Қалдан Сереннің келісімімен жеткен делінеді. Бірақ қисынға ден қойсақ, қазақ даласын біржолата жаулап, оған мәңгілік тұрақтануды көздеген Қалдан Серен қонтайшы осындай келісімге баруы мүмкін бе? Шындығында, Төле сияқты соңына жұртты ерте алатын қайраткер шаһар билігіне жетіп, жағдайы оңалған соң, тез арада қалың қол құрап, өзіне қарсы тұрарлық күш жинап алатынын пайымдамайтын Қалдан Серен соншалықты ақымақ емес шығар. Негізінде, , қалмақтар Ташкент пен оның айналасына алғаш рет 1726 жылы шабуыл жасаған. Бірақ жаулап алмаған. Өйткені қазақ даласының шығыс пен оңтүстік һәм Арқа шегінің барлық тарапында майдан жүргізіп жатқан қалмақтардың Ташкентті басып, сонда тұрақтап отыруларына қайылдары болмаған. Олар тек 1735 жылы ғана Ташкентті иеленген. 1739 жылы Төле бидің бастауымен қазақтар оны қайтарып алған. Бірақ бір жылдан соң Сары Мәнжі тайшы бастаған қалмақтың 30 мыңдық қолы қаланы кезекті рет басып алады да, бес жыл бойы емін-еркін билеп-төстейді.
Қазақтар Ташкентті 1745 жылдың күзінде жаудан түпкілікті тазартады. Содан екі жыл бойына Қазығұрт, Сайрам, Түркістан, Шу-Талас бойындағы қалмақтарды Жетісу жеріне қарай ығыстырады. Кітаптың алғашқы бөлімінде осы оқиғалар рет-ретімен баяндалады және дүрбін-ойраттың оңтүстікке салған ылаңы бір-біріне әдемі жымдасқан желілермен айшықты суреттеледі. Қазақ жазушыларының бұрын жарық көрген шығармаларында Ташкент пен оңтүстік өңірінде өткен қазақ-қалмақ соғысының шын болмысы дәл Момбек жазғандай шынайы жазылмағаны себепті – «Күн тұтылған мезгіл» кітабын ақиқат тұрғы- сындағы мәліметтермен тізбектелген өзгеше шығарма деп мойындауға болады. Десе де, автордың негізгі көтерген мәселесі, жұртқа жеткізбек болған ой-ниеті – қазақ-қалмақ соғысын көрсету емес. Тіпті, кітапта әз атанған Төле би де бас кейіпкер емес. Бірінші бөлімнің өзінде Төле би жауға қарсы барлық іс-қимылдардың басында тұрса да, оқиғалар барысында оның кенже ұлы Қожамжардың бейнесі онымен қатарласа көрініс табады. Әрі кітаптың негізгі тақырыбы да осы Қожамжардың образы арқылы өрбиді. Міне, кітаптың осы Қожамжардың шешендігі мен қайраткерлігі көрсетілген тұсынан «Күн тұтылған мезгілдің» тың тақырыпқа түрткі салған еңбек екені аңғарыла бастайды.
Ол қандай тың тақырып деңіз? Қазақ өзінің хандық дәуірінде кімдермен жауласпаған деңіз. Бір анығы – қазақ ешкімге де, өз бетімен соғыс ашпаған. Ылғи сырттан соққан дұшпанмен алысып баққан. Солардың ең бір сұрапылы қалмаққа қарсы күрес болса да, қазақ сол шайқасты аяқтамай жатып-ақ, арғы аталас туыс ел – қырғызбен де қақтығысқа түскен. Қолдағы бар құжаттар мен мағлұматтарға сүйенсек, қазақ-қырғыз қақтығысы 1740 жылдары Ташкент төңірегінде басталып, 1779 жылы Меркі жерінде Абылай хан жетекшілік жасаған үш Арыс балаларының қалың қолы қырғыздың айтулы би-батырлары бас болған қосынын талқандап, екі елдің шекарасын айқындалған уақытқа дейін тұп-тура 25 жылға созылған. Бұдан кейін де, ескі кекті қуысқан екі елдің жекелеген батырлары майда-шүйде ұрыстарға түсіп, ұзақ уақытқа дейін тынши қоймаған.
Осы еңбекті жазар алдында Момбектің ұзақ жылдар ізденіп, көп зерттеулер жүргізгенін көзі ашық азамат кітапты оқи бастағанда-ақ байқайды. Екі елдің араздастығы 1740 жылы Ташкентте қалмақ жағына шығып кеткен қырғыз Көкімге Төленің туыс інісі Бәйтіктің у беріп өлтіргенінен басталады да, қалмақ кеткеннен кейін босап қалған қазақ жерлерін иемденуді мақсат тұтып, соғыс ашқан Садыр манаптың әрекетінен соң мүлде ушыға түседі. Бұл соғыс айында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қырғыз шежірешісі Алым -бектен бастап, кейінгі Аттакуров, Солтоноев, Асанав секілді ғалымдары әлдеқашан ғылыми айналымға ендіріп, әлденеше кітаптар жазып тастаған.Бұл мәселе бойынша біздің Мағауин, Махаева, Бүркітбаева сынды зерттеушілеріміз біраз ғылыми мақалалар жазғандарымен, осынау қақтығыстың мән-жайы тарихи һәм көркем әдебиеттерде кеңінен көрсетілмегендіктен, көпшілік қауымға әлі беймәлім болып келе жатқан. Енді М. Әбдәкімұлы аталмыш еңбегінде талай жылға ұласқан сол соғыстың не себепті басталып, қалай өршігенін, сондай-ақ қалай аяқталғанын нанымды деректермен кітаби тілде оқырман назарына ұсыныпты. Содан ғой, аталған шығарманы тың тақырыпты көтерген кітап деп отырғаным.
Кітаптағы оқиғаларды қысқаша талдасақ, онда Қожамжардың Ташкент айналасы мен Алатау етегіндегі қазақтарды шапқыншылардан қалай сақтап, оларға қарсы күресті қалай ұйымдастырғаны, қайраткерлік бейнесі, шешендік өнері және қолбастаушылық қабілеті тартымды әрі ұғынықты да мәнді сөйлемдермен өріледі. Қожамжармен қатар сол замандағы Бердіқожа, Көкжал Барақ, наймен көкжарлы Барақ, Жауғаш, Жарылқап, т. б. батырлардың көрсеткен ерліктері, олардың кейбірінің жау қолынан қалай қаза тапқаны жөнінде жазылған тараулар да, кітаптың құнын арттыра түседі. Әсіресе, Абылай ханның өктемшіл жаудың бетін қайтарып, қазақ басына бейбіт заман орнату жолында іске асырған оңды әрекеті оқырман көңілінен шығарлықтай талап-талғаммен жазбаланған.
Біз Төле биді қазақтың ежелгі қаласы Ташкентке кезінде12 жыл билік жүргізген дейміз. Ал Момбектің жазуынша, ол Ташкент шаһарына 1729 жылдан (ара-тұра қаланы қалмақ басып алған жылдарды қоспағанда) өзі өмірден өткен 1759 жылға (1756 жыл емес) дейін билік құрған. Бірақ Төледен кейін Ташкентті кім ұстаған және қала қазаққа ма, әлде өзбекке ме, кімге қараған? Осы жайын білмейді екенбіз. Әртүрлі деректерді салыстырумен және бірнеше тарихи айғақтардың негізінде жазылған «Күн тұтылған мезгілде» Төледен кейін Қожамжар аттай 25 жыл бойы шаһар биі болыпты әрі со уақытта қала қазақ уысынан шықпаған. 1784 жылы Төленің бұрынғы қызметшісі, кейін Қожамжар уағында пысықтығымен шаһар бектерінің қатарынан орын алған түбі ұйғыр Жүнісқожа жасырын түрде қоқандықтармен ауызжаласады да, олардан мол жасақты көмек алып, Қожамжарға қарсы бас көтереді. Ақырында Қожамжар бас болған қазақтарды қаладан ығыстырып шығарады. Момбек кітапта осы оқиғаны жан жасытарлық сөздермен әсерлі жазбалайды.
Енді кітаптың тілі жайында. Момбектің қай кітабын алсаңыз да, ол көркем әдебиетке тән қағидалар мен қалыптарды көп сақтай бермейді. Ол оқиға қуалауға құштар жазушы. Шығармаларында, кейіпкерлердің бейнесі мен жан дүниесін оқиғаларды тізбектей отырып ашуға талпынады. Содан соң ескі заманғы сөз қолданыстарды бүгінгі тілмен араластыра жазбалағанды жөн көреді. «Күн тұтылған мезгілде» де сондай тәртіпті ұстанған. Ондағы тағы бір ұтымды тәсіл – айтылып отырған уақыттың өлшем-мезгілін бағзы бабаларымыз қолданған хыжра жыл санауымен берген. Ай аттарын да, «қауыс», «ақырап» деген сияқты көне қазақша атаулармен береді және оларды біздің жыл, ай тізбемізге аударып, уақыттың нақты есебін кітап беттерінің төменгі жағына жайғастырып қойған.
«Бала емшекке тойынардай уақытта». «жебе жетер жер», «қозы көш аумақ», «сүргінді заманның сүрінді шағы», т. б. сияқты теңеулері де, қою оқиғалармен астасқан кітаптағы жазбалардың реңін аша түседі.
Не десек те, «басы бүтін дүние болмайтыны» тәрізді бұл кітапта да біраз кемшіліктер баршылық. Автор кейде тереңнен тартып, ұзақтау жазылуға тиіс оқиғаларды тым келте қайырып тастайды, Оған керісінше, екі-үш сөйлеммен жеткізуге болатын көріністі ұзақтау сөзге айналдырады. Енді бірде кейіпкерлердің сөздерін тым көсілтіп жібереді. Негізі, кейіпкерлерді қысқа әрі жұмыр сөйлемдермен сөйлету – романға қойылатын ең басты талаптың бірі. Бір Момбек емес, өкінішке орай көп жазушылар осы тәсілді молынан қолданып жүр. Одан соң Ташкент биі Қожамжар бастаған қазақтардың шаһардан айырылу оқиғасына 4-5 бет қана арналыпты. Түсінгенге бұл оқиға – қазақ тариханда қара таңбамен таңбаланған қайғылы жәйт. Дегенмен, бұл бірінші кітап қой. Екінші кітапта осы оқиғаға кеңінен талдау жасалынатын шығар…
Қалай айтсақ та, «Күн тұтылған мезгілдің» тың тақырыпты қаузаған шығарма екенінде ешкімнің дауы бола қоймас. Бәрінен бұрын кітаптың тілі жеңіл, жатық оқылады. Бастысы, уақыт шаңына көміліп, кезінде елге арнаған ерлігі мен атқарған қызметі бүгінгі ұрпақтың жадынан ұмытыла бастаған Қожамжар биді қайта тірілткен Момбек Әбдәкімұлы осы кітапты жазу барысында алға қойған мақсатының бір парасын ойдағыдай орындап шыққаны қуантады.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Филология ғылымдарының докторы,
профессор.