ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ӨҢІРДІҢ ДАМУ ДИНАМИКАСЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында өңірдің ертеңі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі талқыланған маңызды басқосу өтті. Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиевтің жүргізуімен ұйымдастырылған он төртінші кеңейтілген отырысқа облыс әкімдігінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, аймақтың басқарма басшылары, халық қалаулылары — мәслихат депутаттары мен мүйізі қарағайдай сала мамандары қатысты. Алқалы жиынның күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көкжиегі, цифрландыру үрдісі, көлік инфрақұрылымы мен бұқара жұртты мазалаған қоғамдық маңызы бар ең өзекті мәселелер шығарылып, ортақ талқыға салынды.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтары мен алдағы уақытта еңсерілуі тиіс ауқымды міндеттерге кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өміршең реформалар мен ауқымды жұмыстардың жүріп жатқанын тілге тиек еткен аймақ басшысы, соңғы жылдары «Ауыл аманаты» мен «Ауыл — Ел бесігі» сияқты стратегиялық жобалардың арқасында халықтың көкейінде жүрген талай түйткілді мәселе оң шешімін тапқанын жеткізді. Ауыз су, көгілдір отын, электр қуаты мен тақтайдай тегіс жол мәселелері кезең-кезеңімен реттеліп келе жатқанын айтқан облыс әкімі, бұл жолы негізгі екпінді экономикалық өсімге бағыттап отырғандарын ашық мәлімдеді. «Себебі кез келген әлеуметтік мәселенің шешімі сайып келгенде қаржы мен қуатты экономикаға барып тіреледі. Біз ең алдымен сыртқа телмірмей, өзін-өзі толық қамтитын іргелі өңірге айналуымыз керек. Ел Президенті бізге тек шикізат шығарушы ғана емес, терең өңдеу саласы дамыған, қосымша құны жоғары өнім өндіретін мемлекетке айналу міндетін жүктеді. Осы бағытта импортты алмастыру зерттеулерін жүргізіп, нақты жоспарлар жасадық. Бүгінде бой көтеріп жатқан өндірістік парктер енді тек қала мен аудан орталықтарында ғана емес, шалғайдағы ауылдарға да салынады. Ауыл шаруашылығына да жаңа технологиялар мен тың тәсілдерді батыл енгізудеміз. Ең бастысы — бізде еңбекқор халқымыз бен барлық саланы өркендетуге қолайлы жағдай бар. Ел болып, жұмыла жұмыс істесек, Түркістанды республикадағы көшбасшы өңірге айналдыратынымызға сенімім кәміл» — деді Нұралхан Көшеров.

Осыдан кейін мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған ауқымды істерді сандар сөйлеген нақты деректермен баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңір экономикасына өте терең талдау жүргізіліп, әрбір аудан мен қаланың өзіндік ерекшелігі, шикізаттық әлеуеті мен ішкі нарық сұранысы жан-жақты сараланған. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы облыстың сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Ал таза экспорт көлемі соңғы үш жылдың ішінде 42 пайызға еселеніп, 1,8 млрд АҚШ долларын бағындырды. Импорт құрылымын жіті талдау барысында бұған дейін сырттан тасымалданып келген 154 млн АҚШ долларының тауарын өз өңірімізде-ақ өндіруге толық мүмкіндік бар екені анықталған. Осы орайда, импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 ірі инвестициялық жоба сәтті іске қосылды. Мәселен, қасиетті Түркістан қаласында «Lihua» компаниясының заманауи жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ өндірісі және «QazEcoPack» скотч шығаратын зауыты жұмысын бастап кетті. Ал Сауран ауданында «Жасыл Суық Қазақстан» тоңазытқыш өндірісі, Шардарада жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты, Түлкібас баурайында әлемдік RC Cola брендімен сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» кәсіпорны, сондай-ақ Кентау қаласында «Turan Shenhua» газ қазандықтары өндірісі ашылып, отандық өнімнің брендін асқақтатуда. Мұнымен қоса, өңірде атақты John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен заманауи дрондар өндірісі, тігін, бояу-әрлеу, төсек-жайма және джинс маталарын шығаратын фабрикалар, карбамид пен биологиялық қоспалар зауыттары секілді жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын тағы 39 өміршең жоба жүзеге асырылып жатыр.

Инвесторлардың еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін облыста барлық инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңдар қалыптасқан. Мәселен, Арнайы экономикалық аймақта бүгінде 881 млрд теңгеге 98 жоба жүзеге асырылып, 7 663 тұрақты жұмыс орны ашылса, Индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асып, 6 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапты. Шағын және орта бизнесті өркендету үшін 29 өндірістік алаң құрылып, жалпы 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүруде.